- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Бәрі бір-біріне сілтейді"....
"Бәрі бір-біріне сілтейді". Абай облысында 30 жыл бойы ауызсусыз отырған ауылдар бар
Абай облысындағы 29 елді мекенде ауызсу тапшы. Өңірде 50 мыңға жуық адам тіршілік нәріне зәру болып отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24KZ телеарнасына сілтеме жасап.
Жергілікті билік өкілдері 2025 жылға дейін 53 жоба іске асатынын айтып отыр. Осылайша, өңір тұрғындарын түгел ауызсумен қамту жоспарланған. Нахаловка ауданының тұрғындары 30 жыл бойы ауызсудан тарығып келеді.
Жергілікті жұртшылық әкімдіктің табалдырығын тоздырып біткен. Алайда нәтиже жоқ.
"Ұмыт қалған адамдар сияқтымыз. Қаланың ортасында тұрамыз, бірақ суымыз жоқ. Ана жақтан "колонка" іздеп, мына жақтан "колонка" іздеп жүреміз. Анау көпірдің астына барамыз су алу үшін. Ешқандай шара қолданылмай жатыр. Біз соған наразымыз. Билік өкілдерін не үшін сайлаймыз. Бәрі бір-біріне сілтейді", - дейді қала тұрғыны Ульфат Сеймұханова.
"Шешіледі жағдай деп кеткен. Енді одан бері үнсіз. Не су жоқ үйімізде. Құдықтан ғана. Жазда ол су тартылып қалады. Жаз бойы бақша суара алмай қаламыз", - дейді қала тұрғыны Фарида Тайырбекова.
Облыс бойынша 3220 шақырым су құбыры бар. Оның шамамен 50 пайызы тозған. Сусыз отырған тұрғындар аулаларынан құдық қазып көрген. Бірақ ондағы су ішуге жарамсыз.
Ерлан Айтмұхабетұлының Нахаловка ауданында тұрғанына 25 жыл. Оның айтуынша, бүкіл ауданға екі-ақ құдық бар. Оның өзі күнде істен шығады. Ауызсу келген күні жергілікті халық ұзын-сонар кезекке тұрады. Өйтпесе, сусыз қалады.
"Жұмыстан қайтқан соң су алады ғой. 1-2 сағат осы жерде тұрасың. 20-30 адам – суға келгендер кезегі. Амалсыздан тұрасың енді. 2 сағатта бір "флягты" аласың да, үйге қайтасың", - дейді қала тұрғыны Ерлан Айтмұхамбетұлы.
Қарапайым халық күнде бірнеше шақырым жерден су тасиды. Салмағы зілдей ауыр шелектер мен осындай ыдыстарды үйге жеткізу егде жастағы жандарға қиын. Шалғайдағы ауыл аймақты айтпай-ақ қояйық. Бұл – Абай облысының орталығы Семей қаласындағы жағдай. Облыс тұрғындарын ауызсумен қамту үшін 53 жоба әзірленген. Ол бойынша 14 ауылдық округте су құбыры тартылады. Бұған бюджеттен 8 млрд теңге қарастырылған.
"33-і тұрғындарды ауызсумен қамту бойынша жобалар болып келеді. Ал 20 жоба – бұл су құбырларының тозуын төмендету. Келесі жылы 10 шақты жоба әзірленуі керек. Қазір қалалық әкімдікпен келісіп жатыр. Нахаловка кенті бойынша жоба әзірленіп, министрлікке жіберіліп қойды. Жоба қолдау тапса, келесі жылы су тарту жұмыстарын бастаймыз", - дейді энергетика және ТКШ басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Қайырханов,
Абай облысында 2025 жылға дейін тағы 22 жоба іске асады. Осылайша, өңірдегі қалалар мен аудандар 100 пайыз тіршілік нәрімен қамтылмақ.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
С. Сатыбалдина