“Бапкерім күніне 1000 еуро алады“ - Бибісара Асаубаева

“Бапкерім күніне 1000 еуро алады“ - Бибісара Асаубаева
Фото: Фото © Tengrinews.kz / Маржан Қуандықова

Қазақстандық шахматшы, блицтен үш дүркін әлем чемпионы Бибісара Tengri Sport тілшісіне берген сұхбатында дайындыққа кететін шығын туралы айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бибісара Асаубаева 2025 жылдың аяғында блиц шахматтан кезекті әлем чемпионы атағын жеңіп алып, осы дисциплинада үш дүркін чемпион атанған Қазақстанның алғашқы шахматшысы ретінде тарихқа енді.

Мұндай нәтижеге жету үшін тыңғылықты дайындық пен мықты бапкерлер қажет. Бибісара Асаубаева жыл сайын жаттықтырушысымен алты оқу-жаттығу жиынын өткізетінін, әр жиын 10 күнге созылатынын айтты.

Спортшының айтуынша, оның жеке маманымен бір күндік жаттығу 1000 еуроға (587,7 мың теңге) шақ келеді.

"Шахмат әлемінен алыс адамдар бұл спортты арзан деп ойлайды. Бізде теннис, гольф немесе бокстағыдай сыйақы жоқ, бірақ соған қарамастан шығын айтарлықтай көп. Жеке бапкерім күніне 1000 еуро алады. Оның үстіне біз ұшақ билеті, тұру және басқа да шығындары бар", - деді Бибісара Асаубаева.

Бұл дегеніміз, ол бір ғана жаттықтырушыға жылына шамамен 60 мың еуро (35,2 миллион теңге) жұмсайды. Бұдан бөлек, оның командасында жалпы 11 адам бар. Олардың қатарында негізгі бапкерлер, спарринг-серіктестер, дебют, эндшпиль және миттельшпиль бойынша жаттықтырушылар және басқа да мамандар бар.

"Барлығы сенің деңгейіңе байланысты. Мен Үміткерлер турниріне шыққандықтан, дайындық әлдеқайда күрделене түсті. Онда қарапайым турнирлерде байқалмай қалатын барлық жайтты ескеру керек. Қазір менің командамда 11 адам бар. Олардың ішінде спарринг-серіктестер, эндшпиль және миттельшпиль бапкерлері бар. Әрқайсысы өз үлесін қосуы керек, сондықтан шығын көлемі де қомақты болады", - деді шахматшы.

Еске салайық, блицтен әлем чемпионатындағы жеңіс Бибісара Асаубаеваға 28 наурыз бен 16 сәуір аралығында өтетін Үміткерлер турниріне жолдама алуға мүмкіндік берді.

Бұл турнирдің жеңімпазы классикалық шахматтан әлем чемпионы атағына таласуға мүмкіндік алады. Қазір шахмат тәжінің иегері - қытайлық спортшы Цзюй Вэньцзюнь.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz
Logotype Massaget