- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- банктердегі жаңа стандарт
Банктерден ескерту: 13 қаңтардан бастап жаңа стандарт іске қосылады
2025 жылдың 13 қаңтарынан бастап Қазақстанның төлем жүйесі қаржы ұйымдары арасында деректер алмасу үшін халықаралық ISO 20022 стандартына көшеді. Бұл өзгеріс барлық коммерциялық банктер тарапынан жүзеге асырылады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Банктер клиенттеріне операциялардың бұрынғыдай қалыпты режимде жүргізілетінін және алаңдауға еш негіз жоқ екенін хабарлап отыр. Halyk Bank мәлімдемесінде барлық клиенттік операциялар, соның ішінде қолма-қол ақша алу, карта арқылы төлемдер және несиелер бойынша операциялар қолжетімді болатынын айтты. Шоттағы қаражат қауіпсіз сақталады, ал қолма-қол ақшаны алдын ала алу қажет емес.
ForteBank-те төлем жүйесінің ISO стандартына көшуіне байланысты 2025 жылдың 13 қаңтарында техникалық жұмыстар жүргізілетінін хабарлады. Банк клиенттеріне 10 қаңтар сағат 18:00-ге дейін банк қосымшаларын жаңартуды ұсынды.
2025 жылдың 10 қаңтарында сағат 17:50-ден 11 қаңтар сағат 09:00-ге дейін айыппұлдар мен салықтар төлемі уақытша қолжетімсіз. Сонымен қатар 8-10 қаңтар аралығында теңгемен аударымдар қабылданбайды. Жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар үшін банктер арасында 10 қаңтарда сағат 20:00-ден 21:30-ға дейін аударымдар қолжетімсіз болады. Бұл уақытта қолма-қол ақша алу және басқа да операциялар әдеттегідей жұмыс істейді.
ЦентрКредит банкі 2025 жылдың 12 қаңтарында сағат 02:30-дан 06:05-ке дейін жоспарлы техникалық жұмыстар жүргізілетінін мәлімдеді. Бұл уақытта bcc.kz және bcc business мобильді қосымшалары, банкоматтар мен төлем терминалдары қолжетімсіз болады. Банк клиенттерден ыңғайсыздық үшін кешірім сұрап, операцияларды алдын ала жоспарлауды ұсынды.
2025 жылдың 13 қаңтарынан бастап Еуразиялық банк те ISO 20022 халықаралық төлем стандартына өтеді. Заңды тұлғалар төлемдерді рәсімдеу кезінде жаңа талаптарды орындауы керек. Ресми деректер бойынша банк 9 қаңтардан бастап 10 қаңтардан кейінгі валюталанған төлемдерді қабылдамайды, ал 10 қаңтардан бастап операциялық күн аяқталғаннан кейін МТ форматындағы төлемдер қабылданбайды.
Бұған дейін Қазақстанның Ұлттық банкі екінші деңгейдегі банктермен бірге ISO 20022 халықаралық төлем хабарламалары форматын енгізу бойынша жұмыстар жүргізіп жатқанын хабарлаған болатын.
"Халықтың төлем карталары, QR-кодтар, мобильді аударымдар, банкоматтардан ақша алу, ұялы байланыс қызметі үшін төлемдер өзгеріссіз қалатын болады. Бұл уақытта банктер өздерінің ақпараттық жүйелерін баптау қажеттілігіне байланысты техникалық жұмыстар жүргізеді. Бұл жұмыстарды жүзеге асыру барысында банкаралық (межбанктік) қызмет көрсетуге байланысты төлем қабылдау кестесінде қысқаша өзгерістер болуы мүмкін. Қаржылық мекемелер қазіргі уақытта клиенттерін жаңа стандартқа көшу аясында банктер жүргізетін техникалық жұмыстар туралы алдын ала хабардар етіп отыр", - делінген Ұлттық банктің хабарламасында.
ISO 20022 - банктер мен қаржылық мекемелер арасындағы деректер алмасуға арналған халықаралық стандарт болып табылады. Ол транзакциялар кезінде қолданылатын хабарламалардың бірыңғай ережелері мен форматтарын белгілейді. Ұлттық банк мәлімдегендей, ISO 20022-ге көшу - қаржылық операциялардың қауіпсіздігін, айқындығын және тиімділігін арттырып, төлемдер өңдеудің сапасы мен жылдамдығының жоғары стандарттарын сақтайды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
А. Бақдаулет