- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Банкроттық: төлем қабілетін...
Банкроттық: төлем қабілетін қалпына келтіру үшін не істеу керек?
Биыл сәуірде банкке берешегін өтей алмай жүрген 2 мыңнан аса адам бары айтылды. Ал маусымда банкроттыққа 54 мың арыз қабылданғаны белгілі болды. Банкроттық бойынша қай өңір көш бастап тұр? Банкрот деп тануға өтінім бергенде қандай құжат дайындап, қайда жүгінуі керек? Massaget.kz тілшісі бұл сұрақтарға қатысты Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне сауал жолдады.
"Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттігін қалпына келтіру және банкроттық туралы" Қазақстан Республикасының Заңы банкрот рәсімдеудің үш түрін қарастырады - ол соттан тыс банкроттық, сот банкроттығы және төлем қабілеттігін қалпына келтіру.
Банкроттыққа өтінім бергенде қандай құжат дайындап, қайда жүгіну керек?
Бұл рәсімдерді қолдануға арыз берудің негіздері мен шарттары Заңның 5 және 6-баптарында белгіленген.
Соттан тыс банкроттық рәсімді азаматтар тек банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы борыштар бойынша келесі шарттарға сәйкес қолдана алады:
- банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлар алдындағы борыш 1 600 айлық есептік көрсеткіштен (бұдан әрі - АЕК (5 520 теңге) аспайды (8 832 000 теңге);
- қарыз 12 ай ішінде өтелмеген;
- мүлік жоқ;
- қарыздар бойынша банкпен немесе микроқаржы ұйымымен реттеу рәсімі жүргізілген.
Екінші деңгейдегі банктің немесе микроқаржылық ұйымның қарыз шартының немесе микрокредит беру туралы шарттың талаптарын өзгертуден бас тарту туралы жауабы - реттеу рәсімнің жүргізілгенін растайтын құжат.
Егер екінші деңгейдегі банк немесе микроқаржылық ұйым жауап бермеген жағдайда, борышкер арызының көшірмесі немесе электрон форматта жіберілгені - реттеу рәсімнің жүргізу туралы арыз растайтын құжат.
Сонымен қатар, заңда ерекше жағдайлар қарастырылған:
- атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін (12 ай ішінде төлемнің болмауы туралы критерий қолданылмайды);
- берешегі 5 жылдан артық өтелмейтін азаматтар үшін (олар бойынша мүліктің бар-жоғын тексеру және берешек сомасы бойынша шектеулер белгіленбейді).
Бұдан басқа, бұл рәсімді Мемлекеттік кірістер органдары бақылайды.
Арызды қайда береді?
Кез келген қазақстандық рәсімді қолданудың негіздері мен шарттарына сәйкес келген жағдайда арызды "Азаматтарға арналған үкімет" Мемлекеттік корпорациясы, яғни E-gov және ХҚКО арқылы электрон нысанда, сонымен қатар, E-salyg Azamat қосымшасы арқылы бере алады.
Төлем қабілеттігін қалпына келтіру
Бірақ барлық міндеттеменің мөлшері (оның ішінде орындалу мерзімі басталмаған) өзіне тиесілі мүліктің құнынан аспайтын борышкер төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдануға құқылы.
Ал төлем қабілеттігін қалпына келтіру рәсімінде азаматтың тұрақты табысы болған жағдайда қарыздарды бөліп-бөліп төлеу мүмкіндігі (5 жылға дейін) қарастырылған.
Азамат төлем қабілеттігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолданудың Заңға сәйкес келген жағдайда арызды өзінің тұрғылықты жері бойынша сотқа жазбаша түрде немесе электрон құжат түрінде жібереді.
Бұдан бөлек, сот банкроттығын немесе соттан тыс банкроттығын қолданған азаматтар:
- 5 жыл ішінде банктерден және микроқаржы ұйымдарынан кредиттер ала алмайды (ломбардтардың микрокредиттерін алудан басқа);
- 7 жылдан кейін ғана қайта банкроттыққа жүгіне алады;
- олардың қаржылық жағдайы банкроттықтан кейін 3 жыл бойы тексеріледі.
Төлем қабілеттігін қалпына келтіру кезінде мұндай салдар қолданылмайды.
Сондықтан, азаматқа өзін банкрот деп жарияламас бұрын оның ықтимал салдары мен шектеулерін ескерген жөн.
Биыл Қазақстан бойынша қанша адам банкроттыққа өтініш білдірді?
Көзделген банкроттық рәсімдерді қолдану туралы арыздар биыл 3 наурыздан бастап қабылданып жатыр. Ведомство мәліметінше, қазір 54 мыңнан аса арыз қабылданған.
Азаматтардың банкроттыққа арыздарды жолданған санын өңір бойынша www.tazalau.qoldau.kz сайтында мәлімет алуға болады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек