Банк секторында бәсекелестікті күшейту қажет - Нұртай Сабильянов

Парламент мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов Massaget-тің YouTube арнасына берген сұхбатында банк секторында бәсекелестікті күшейту туралы Президент саясатын қолдайтынын айтты.

Оның берген мәліметі бойынша шетелдік банктер тарапынан Қазақстан нарығына қызығушылық бар. Қазір Үкімет оларға қойылатын талаптарды қарастырып жатыр. Егер мәселе оң шешім қабылданатын болса, онда қаржы ұйымдары экономиканы 7-8 пайыздық мөлшерлемемен қаржыландыруы мүмкін. Бұл кезде отандық банктердің олармен бәсекелес бола алуы күмән тудырады.

"Мысалы, Лондон биржасында пайыздық мөлшерлеме 4-5 пайыздан аспайды. Міне, бізге де осындай жүйе керек. Базалық ставканы ұлттық банк белгілейді. Бірақ олардың саясаты экономикаға емес, несие ұйымдарының табыс табуына қолайлы болып отыр", - дейді депутат.

Салық төмен, несие пайызы жоғары

Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов қазір қабылданғалы жатқан салық туралы заңда банк секторын реттейтін жаңалықтар туралы да сөз қозғады. Осы күні саланың салықтық мөлшерін 25%-ға дейін ұлғайту қарастырылып жатыр. Депутаттың айтуынша, бұл банк секторындағы әділеттілікті қамтамасыз ете алады.

"Біздегі банктер шағын және орта бизнесті қаржыландыруға құлықсыз. Қазір кәсіпкерлерге несиені 22 пайызбен береді. Ал тұтынушылық несие кейде 46 пайызға дейін кетіп қалады. 45 күндік несиенің пайыздық мөлшерлемесі 200 пайызға дейін жетуі мүмкін. Бұл мәселелер банк саясатына өзгеріс енгізуді қажет етеді. Осы тұрғыда Ұлттық банк ЕДБ-ге өз бақылауын күшейтуі керек", - дейді депутат.

Айта кетейік, Үкімет бұған дейін бизнеске берілетін несиелерді субсидиялап келді. Осы тәсіл арқылы банктердің пайыздық мөлшерлемесін төмендетіп отыр. Депутат заңды тұлғаларға жеңілдетілген несие берген әлдеқайда тиімді деп отыр.

"Егер банк 22 пайызбен несие берсе, мемлекет оның 300 млрд теңгесін субсидия ретінде төлеп, 12 пайызды 8 пайызға дейін төмендетті. Егер осы қаражаттың барлығын жинап, жеңілдетілген несие жүйесін іске асырғанда, қазір банктердің жағдайы мүлдем басқаша болар еді. Қазіргі жағдайда банктердің табысы жылдан жылға артып келеді", - дейді депутат.

Қазақстандағы халық пен заңды тұлғалардың несиелену деңгейі

Қазақстандағы халық пен заңды тұлғалардың несие алу көрсеткіші жыл сайын артып келеді, бұл экономиканың қаржылық жүктемесінің ұлғайғанын көрсетеді. Соңғы деректерге сүйенсек, елде несие алу кең таралған құбылысқа айналды.

Халықтың несиеге тәуелділігі

Ұлттық банктің мәліметіне сүйенсек, 2023 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша 8,2 млн адам несие алған, бұл жұмысқа жарамды халықтың 86%-ын құрайды. Жеке тұлғалардың жалпы несие көлемі 19,2 трлн теңгеге жетті, оның ішінде 9,7 трлн теңге тұтынушылық несиелерге тиесілі. Бір адамға шаққандағы орташа қарыз сомасы 2,2 млн теңгені құрайды. Проблемалық несиелердің (90 күннен асқан мерзімі өткен) үлесі жалпы қарыздың 8%-ын құрады. Халық арасында несие мөлшерлемесінің жоғары болуы (кей жағдайларда 40%-дан асуы) негізгі мәселе болып отыр.

Заңды тұлғалардың несиеленуі

 2024 жылғы 1 қыркүйектегі деректерге сәйкес заңды тұлғаларға берілген несиелердің жалпы көлемі 17,7 трлн теңгені құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 17,2%-ға артық. "Бизнестің жол картасы" бағдарламасы аясында 8 624 жобаға 566 млрд теңге субсидия берілді. 5 381 жобаға 178,9 млрд теңге кепілдік жасалды. Заңды тұлғалар үшін әсіресе шағын кәсіпкерлерге несие алу шарттары әлі де күрделі. Пайыздық мөлшерлемені субсидиялау бағдарламалары бар болғанымен, оларды алу критерийлері қатаң және күрделі.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!