Түркістан облысы Қазығұрт аудандық полиция бөліміне бір топ аудан тұрғыны арызданды. Жәбірленушілердің айтуынша, олардың атына бейтаныс біреу заңсыз несие рәсімдеген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Аталған фактіні полицейлер "Алаяқтық" бойынша тіркеді. Қылмысты тез арада ашып, күдіктіні анықтау мақсатында полицейлерден арнайы топ құрылып, жедел іздеуге кіріскен. Нәтижесінде, тәртіп сақшылары күдіктіні қолға түсірді.
31 жастағы күдікті азамат банк қызметкері болып жұмыс істеп жүрген уақытында мәселемен алдына келген клиенттердің құжаттарын пайдаланып, 70 мың теңге мен 1 миллион теңге аралығында несие рәсімдеп отырған.
Осылайша, 47 адамды алдап, ақшаны өз пайдасына жұмсаған. Келтірілген шығын көлемі - 21 миллион теңге. Қазіргі таңда күдікті ер адам қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!