Банк қызметкері 600 миллион теңге жымқырып, букмекерлік кеңсеге тігіп жіберген

Банк қызметкері 600 миллион теңге жымқырып, букмекерлік кеңсеге тігіп жіберген
Фото: Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Қызылордалық лудоман банктен 602 миллион теңге ұрлап, құмар ойындарға жұмсаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қызылорда облысында банк қызметкері 600 миллион теңгеден астам ақшаны ұрлап кеткен. Ұрлық дерегі бойынша ҚМА өңірлік департаментіне тергеу жүргізіліп жатыр.

Банк қоймасындағы қаражатты тексеру барысында 602 900 000 теңге жетіспейтіндігі анықталған.

"Контроллер-кассир шамамен 1 000 000 теңгеден 4 000 000 теңгеге дейін ақшаны бөлшектеп, кассадан ұрлағаны анықталды.

Банктің 2021-2023 жылдар аралығындағы бейнебақылау камераларының жазбалары тәркіленді, онда кассадан халаттың жеңіне оралған ақшаларды шығару арқылы ұрлау деректері тіркелген.

Күдікті жасаған қылмыстық құқық бұзушылықты толық мойындады.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында букмекерлік кеңседен оның атына тіркелген шотынан ақпарат алынып, соңғы 3,5 жылда есепшотқа 158 миллион теңге түскені анықталды.

Сонымен қатар, оның атына және жұбайының атына тіркелген абоненттік нөмірлерден букмекерлік кеңселердің есепшотына ақша аудару бойынша операциялар жүргізілгені туралы ақпарат келіп түсті.

Күдікті қамауға алынып, уақытша ұстау изоляторына қамалды", - деді Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі.

Соталды тергеу жалғасып жатыр. ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етуге ​​жатпайды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Алғабек