- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Банк картасынан ақша...
Банк картасынан ақша ұрланса не істеу керек?
Бүгінде алаяқтар банк картасы арқылы шоттағы ақшаны оңай әрі тез алады. Қандай да бір қосымша арқылы сауда жасап жатқанда байқаусызда алаяқтарға тап болуыңыз мүмкін. OLX сарапшылары алаяқты қалай тануға болатыны, алаяққа тап болғанда не істеу керегі туралы айтты.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2022 жылдың басынан бері елімізде интернет-алаяқтықтың 11 763 дерегі тіркелген. Фишинг OLX жарнама қызметіндегі көп таралған алаяқтардың біріне айналды. Алаяқтар ұқсас сайт жасау арқылы сілтемені электрон поштаға немесе басқа байланыс арналары арқылы хат жібереді. Бұл фишинг сайт сізден ақпаратты, соның ішінде банк деректемелерін (карта нөмірі және CVV код) толтыруды сұрайды. Осылай алаяқтар құпия ақпаратты алып, оны өз мақсаттарына пайдаланады.
OLX-те алаяқты қалай тануға болады?
OLX-тегі кез келген жарнама ұсыныстарды мұқият оқып шығу керек.
- Ұсынылған өнім немесе қызмет үшін өте төмен баға. Көбіне алаяқтар ықтимал құрбандарды тарту үшін бағаны нарықтан төмен етіп белгілейді.
- Психологиялық әдістер. Сатып алушыны тезірек шешім қабылдау үшін және оның ақшасын тезірек алу үшін алаяқтар өнімді сатып алғысы келетін тұтынушылар туралы көп айтады.
- Алдын ала төлем жасау. Алаяқтар өнімнің сұранысқа ие екенін айтып, сізден депозит жасау сұрайды. Ақшаны жібергеннен кейін жалған сатушы байланысын үзеді.
- Сапасыз жарнама. Грамматикалық, пунктуациялық және стилистикалық қатенің көп болуы күмән келтіреді.
OLX-те алаяққа тап болсаңыз, не істеуіңіз керек?
Алаяқтар картадан ақшаны алып қойса, не істеу керек? Банкке хабарласып, картаны бұғаттаңыз. Сіздің құпия дерегіңіз басқа адамдарға белгілі болса, міндетті түрде банк картасын қайта шығаруыңыз керек. Шотта ақша қалса да, қылмыскерлер дерегіңізді кейін пайдаланбайтынына кепілдік жоқ.
Қылмыскерлерді іздеу үшін құқық қорғау органдарына арыз жазыңыз. Егер OLX-те қандай да бір қолданушы сізді алдаған болса, сіз хатыңызды, скриншоттарды, жарнаманы дәлел ретінде пайдалана аласыз.
OLX барлық қолданушыны қылмыскерлерден сақ болу үшін "Кері байланыс формасын" жасады. Егер сіз алаяқтарға алданып қалсаңыз, OLX-ке транзакцияңыздың барлық мәліметін беріңіз.
Картадағы ақша қайда аударылғанын қалай білуге болады?
Алаяқтың жеке басын анықтау, өкінішке қарай, оңай емес. Мұның бәрі шоттан ақшаның қалай алынғанына байланысты. Егер алаяқтар банкомат арқылы қолма-қол ақша алса, бейнебақылау жазбасы арқылы алаяқты тануға болады. Егер банк аударымы жасалып, қаражат алынса, алаяқтың картасының нөмірін біле тұра, оның деректерін ала алмаймыз. Шот немесе карта ашқанда банктер клиенттер ұсынған ақпараттың құпиялылығына және жария етілмеуіне кепілдік береді.
Картадан алынған ақша қайтарыла ма?
Барлығы жағдайға байланысты. Әрбір алаяқтық іс бойынша тексеріс жүргізіледі. Қолданушының өзінің абайсыздығынан ақшасынан айырылған жағдайда қаражат қайтарылмайды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек