Түркістанда жас жігіт әкесінің атына несие рәсімдеп, 1 миллион теңге шығын келтірген, - деп хабарлайды Оtyrar.kz.
Басылым мәліметінше, Түркістан ҚПБ-ға жергілікті тұрғын белгісіз біреу оның атынан ақшалай онлайн несие алып, 1 миллион теңгеге жуық шығын келтіргенін айтып арызданған. Бұл туралы жәбірленуші арадан 1 айдай уақыт өткен соң, яғни "банктен несиеңізді төлеңіз" деп хабар келгенде ғана білген. Содан жәбірленуші тез арада тәртіп сақшыларынан мән-жайды анықтауға көмек берулерін сұрайды.
"Аталған дерек Қылмыстық кодекстің 190-бабы "Алаяқтық" бойынша тіркелді. Тексеру жұмыстары кезінде полицейлер осы қылмысқа қатысы бар күдіктінің жеке басын анықтады. Ол жәбірленушінің ұлы болып шықты. Бұл іс бойынша соталды тергеу амалдары басталды", - деді облыстық Полиция департаменті.
Полиция өкілдері жас жігіт әлдекімге қоңырау соғу үшін әкесінің ұялы телефонын сұрап алып, сол сәтте банк қосымшасы арқылы онлайн несие рәсімдеп үлгергенін айтты.