“Балық аулауға кетіп, содан оралмаған“. ШҚО-да екі адам өлі табылды

Зайсан көлінде жоғалғандарды іздеу жұмыстары аяқталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Балық аулауға кеткен

22 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Балықшы ауылдық округінде 1979 және 2001 жылы туған екі ер адам Зайсан көліне балық аулауға шығып, содан оралмаған.

ТЖМ күштері мен құралдары үздіксіз іздеу жұмыстарын ұйымдастырған. Іздеу жұмыстарына жергілікті тұрғындар өз қайықтарымен қатысқан.

Екеуі де өлі табылды

Іздестіру жұмыстарының алғашқы күнінде жағалаудан 3-4 шақырым қашықта суға батқан қайық табылған. 29 қыркүйекте жергілікті тұрғындар 2001 жылы туған ер адамның сүйегін тапқан. 30 қыркүйекте құтқарушылар 1979 жылы туған ер адамның сүйегін судан алып шықты.

"Іздестіру жұмыстары барысында ТЖМ құтқарушылары 63 рет сүңгіп, жағалау сызығы мен көл акваториясын тексерді. Іздестіру жұмыстары ауа райының қолайсыздығына, қатты жел мен су бетіндегі толқынға, акватория аумағы үлкен болуына байланысты қиындады", - деді ТЖМ өкілдері.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз