Жамбыл облысы Шу ауданындағы Балуан Шолақ ескерткішінің алдында 1 тонна тартатын тас тұр. Көнекөз қариялардың айтуынша, бұл тасты Балуан Шолақ көтерген екен. Massaget.kz тілшісі 2010 жылға дейін аудандық тарихи-өлкетану музейі алдында тұрған тастың тарихы туралы музейдің кіші қызметкері Ләйлә Мәметовадан сұрады.
Музей қызметкерінің айтуынша, тастың таза салмағы 1070 келі екен. Осыдан 13 жыл бұрын ауыл тұрғындары тасты музейге әкелген. Ал 2010 жылы ауданның 80 жылдық мерейтойында тасты ескерткіштің алдына көшіріпті.
"Ауданымызға келген қонақтар бұл тасты тамашалап, қызыға қарайды. Балуан көтерген тастың салмағын сұрап, оны қайдан әкелгенін білгісі келеді. Тастың тарихы туралы ел аузында аңызға бергісіз әңгіме айтылады. Көнекөз қариялардың айтуынша, 1913 жылы Балуан Шолақ атажұрты - Далақайнар ауылынан Алматыға қарай кетіп бара жатқанда Тесік өзенінің бойын жайлаған Кәрібай ұстаның үйіне тоқтаған екен. Қора салып жатқан ұстаға көмектесіп, осы алып тасты жерден қазып алып, қабырғасына қалап беріп кеткен екен", - дейді Ләйлә Мәметова.
Балуан өзен жағалаған ұстаның үйіне атына таға соқтыру үшін түскен деседі. Сол жолы Балуан Шолақ Кәрібай ұстаға тағадан басқа әшекей бұйымдар да жасатып алған екен.
"Балуан Шолақ ұстаның жасаған әшекейлеріне қатты риза болып, топыраққа жартылай көміліп жатқан алып тасты көтеріп алып, қораның бір жақ қабырғасына қалап беріпті. "Өнеріңе разылығымның белгісі болсын" депті балуан", - деп тарқатты тастың тарихы туралы әңгімені музей қызметкері.
Балуан Шолақ тасты топырақтан аршып алған соң, 50- 60 қадам көтеріп келген деседі.
А.Сырымбет
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!