Қазақ күресінен әлем чемпионы, "Қазақстан барысының" күміс белбеу иегері Нұрдәулет "Қарабура" Жарылғапов Жаңаөзендегі жағдайға байланысты үндеу жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Тыныштық - басты байлығымыз. Мәселені келіспен емес, келісіммен шешкен ұтады деп ойлаймын. Сондықтан айналамыздағы ағайынның арыз-тілегін билік естіді деп білеміз. Енді елді дүрліктірмей, халықты алаңдатпай, тыныштық пен бірлікте болуын тілеймін", - дейді спортшы.
Еске салайық, Жаңаөзеннен Астанаға 60-70-ке жуық жұмысшы келіп, Энергетика министрлігі ғимараты маңында пикетке шыға бастады. Жиналғандар өздерін "Өзенмұнайгаз" штатына ("ҚазМұнайГаз"еншілес компаниясы) жұмысқа орналастыруды талап еткен. ҚМГ баспасөз қызметі мәліметінше, олар - тендерден ұтылған, "Өзенмұнайгаз" үшін мұнай сервис қызметтерін орындайтын "БерӘлі Маңғыстау Company" компаниясының бұрынғы қызметкерлері.
Кейін полиция Астанаға өз талаптарымен барған жаңаөзендік жұмысшылардың не үшін ұсталғанын түсіндірді. Құқық қорғау органдары мәліметінше, митинг өткізуге рұқсаттары болмауы салдарынан акцияның ұйымдастырушысы мен белсенді қатысушылары ұсталған.
Ал Жаңаөзен тұрғындары қала әкімдігіне жиналып, Астанада ұсталған жұмысшыларды босатуды талап етті. Жаңаөзен әкімі алаңға жиналған тұрғындарға үндеу жасады. Өңір әкімі Нұрлан Ноғаев та Маңғыстау тұрғындарын сабыр сақтап, ел тыныштығын бұзбауға үндеді. Астанадағы мұнайшылар наразылыққа шыққан халыққа үндеу жасап, бәрі дін аман екенін хабарлады.
Кейінірек ұсталғандар босатылғаны, олар Жаңаөзенге қайтқаны, жұмысшылардың талаптарын шешу үшін "ҚазМұнайГаз" бен "БерӘлі Маңғыстау компаниясы" арасында келісім жасалғаны белгілі болды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!