- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Балталап тастаған, пышақтаған,...
"Балталап тастаған, пышақтаған, зорлаған". Қазақстанда 9 бала әкесінің қолынан қаза тапқан
Алматыда бала құқықтары жөніндегі уәкіл Халида Әжіғұлова ер адамдар арасында балаларын өлтіру дерегі артып келетінін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Халида Әжіғұлованың айтуынша, Қазақстанда өз сәбиін өлтірген әкелер саны көбейген. Тек кейінгі жылда 5 қылмыскер қатыгездікпен, айуандықпен балаларын пышақтап өлтіріп, басын кесіп, асып өлтірген. Барлығы 9 бала қаза тапты. Көп жағдайда олар мұндай қылмысқа некеде тұрмаған әйелдері мен бұрынғы әйелдеріне қырсыққаннан барған, ал полиция қызметкерлері мұндай жағдайға әдеттегідей көз жұмады.
Обмудсмен қатыгездікпен жасалған қылмыс тізбегін келтірді.
"Мысалы, 2022 жылғы көктемде Түркістан облысында әкесі 6 жасар баласының басын балталап тастаған. Ол жейтін тамақ болмағанын айтқан. Ал былтыр қарашада Алматыда нашақор әке 9 жастағы қызын тапа-тал түсте пышақтап өлтірген. Бұған дейін тұрмыстық зорлық-зомбылықтың салдарынан әйел күйеуін үйінен қуып шыққан. Сол жылы желтоқсанда Маңғыстау облысында әке үш баласын өлтіріп, кейін өзі асылып қалған", - дейді ол.
Бұдан басқа, бала құқықтары жөніндегі уәкіл биыл болған жантүршігерлік қылмыстар туралы айтты.
"Биыл наурызда Маңғыстау облысында деструктив ислам ағымын ұстанатын әке бұрын жалға алған пәтерінде үш кішкентай бүлдіршінін өлтірген. Ол әйелімен ажырасып кеткен. Балалары Атырауда анасымен бірге тұрған, демалыста ол балаларын Ақтауға әкелген. Оларды өлтірер алдында ер адам арақ пен 3 балмұздақ сатып алған. БАҚ мәліметінше, ол бірінші баласын өлтіргенде әйеліне қылмыстың жантүршігерлік суреттерін жіберген. Ал Қарағанды облысында маскүнем әке анасы жұмыста болғанда екі жасар баласын өлтірді. Алдымен нәрестенің қолын сындырып, кейін балаға 18 рет пышақ сұққан", - дейді ол.
Омбудсмен мұндай қылмыстардың жиілеуіне бірнеше себеп келтірді.
Біріншіден, 2017 жылы ІІМ қылмыстық құқықбұзушылықтар саны бойынша статистиканы жақсарту мақсатында тұрмыстық зорлық-зомбылықты декриминализациялауға тырысты. Соның әсерінен, отбасында әйелін ұрып-соғатындар одан әрі күшке мінді. Екіншіден, "Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы" заң жобасына қарсы болғандар әсер етті. Олардың айтуынша, заң жобасы аясында қалыпты отбасындағы балалар "Батыстағы біржыныстыларға" асырап алуға рұқсат етіледі. Үшіншіден, бұл заң жобасын жүзеге асыруға Парламент Мәжілісінің VІ және VІІ шақырылым депутаттары мүлде атсалыспады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек