Балта ұстаған жасөспірім екі оқушыға шабуыл жасаған: зардап шеккендердің жағдайы белгілі болды

Балта ұстаған жасөспірім екі оқушыға шабуыл жасаған: зардап шеккендердің жағдайы белгілі болды
Фото: Видео кадры

Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасы Құлсары қаласындағы №6 жалпы білім беретін мектепте болған оқиғаға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ведомство мәліметінше, оқиға салдарынан 2009, 2010 жылдары туған екі жасөспірім медициналық тексерістен өткен.

"Зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, оларды травматолог дәрігер қарады. Тексеріс барысында сызаттар мен теріасты көгерген жерлер анықталды", - деп жазылған хабарламада.

Науқастарға ем-дом жасалып, рентгенология зерттеуі жүргізілген. Дәрігерлер оларды амбулаторлық ем қабылдауға жіберген. Қазір жасөспірімдердің өміріне қауіп жоқ екені айтылды.

Еске салайық, 5 ақпанда 102 арнасына Құлсары қаласында 10-сынып оқушысы қатарластарымен жанжалдан кейін оларға шабуыл жасап, мектеп аумағынан бой тасалағаны туралы хабарлама түскен. Оқиға салдарынан екі оқушы жеңіл дене жарақатын алды.

Бұл дерекке қатысты бұзақылық бойынша қылмыстық іс қозғалды. 15 жастағы күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, Ішкі істер органдарының есебіне алынды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget