Балшыға сеніп, болашағын болжату қаншалық дұрыс? Имам жауап берді

Бір жыл күткен қасиетті Рамазан айы да келіп жетті. 23 наурызға қараған таңда Алланың разылығы үшін ниет етіп, сәресін ішіп, ауыз бекіткендер 30 күн Оразада ас-судан ғана емес, жаман әдеттерден де тыйылып, Құдайға құлшылық етеді. Бірақ өмірдің түрлі сынағына төтеп бере алмағандар, қасиетті айда иман келтіріп, Аллаға мінәжат етуден бұрын кейде балшының айтқанына сеніп жатады. Алдағы өмір белесіне болжам жасатып, қашан пайдаға кенелетінін білуге тырысатындардың болашағына бал ашқызуы дұрыс па? Massaget.kz тілшісі осы мәселені имамнан сұрап көрді.

Тараздағы "Әбдіқадыр" мешітінің бас имамы Дәурен Құттыбайұлы балшылар жігіттің қашан отбасын құратынын, бойжеткеннің кімге тұрмысқа шығатынын болжай алмайтынын айтады.

"Қазір жасыратыны жоқ, басына қиын іс түскенде көріпкелдің көмегіне жүгінетіндер көбейді. Алдағыны құдіреті шексіз бір Алла ғана біледі. Құдайдың жәрдемі емес, қолынан түк келмейтін бақсы-балгер, емшінің айтқанына сену дұрыс емес", - дейді Дәурен Құттыбайұлы.

Бас имам бал ашудың және балшыларға барудың шариғаттағы үкімі Фиқһ ғалымдарының пәтуасы бойынша, көріпкелдікпен айналысу (ғайыпты білемін деп жариялау) харам екенін алға тартты.
Шариғат рұқсат етпеген жолмен келген ақша да харам саналатыны белгілі. Ал дінтанушы ғалымдар "Тәуіпке барып, өткен және болашақ жайлы немесе бір істің немен бітерін сұрау да харам" деген пәтуа берген.

"Балшыға барудың зияны онымен бітпейді. Балшыға бару адамның ғибадатқа барлық жолын жабады. Себебі келесі хадистерде былай делінген: "Кімде-кім балгерге келіп бірнәрсе сұраса, оның намазы қырық күн бойы қабыл етілмейді" (Муслим, 2230). Демек, балшыға барып жолымды аштырамын деген адам, керісінше, өз жолын жаптырып жатқанын білмейді", - дейді имам.

А.Сырымбет

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!