- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Балкон құласа кім...
Балкон құласа кім жауапты болады?
Апат жағдайындағы балкондар пәтер иелеріне ғана емес, көшеде кетіп бара жатқан адамдар үшін де қауіпті. Сондықтан балконның құлау қаупінің алғашқы белгілерін байқаған бойда оны жөндеуге кірісу керек. Бірақ бұл жұмысты жасауға кім жауапты және мұндай жөндеу жұмыстарына қанша қаражат кетеді?
Алматы қаласының Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасының өкілі Ерлан Нұрғалиев балконды пәтер иесі жөндеу керегін айтты.
"Балкон тұрғындардың жекеменшігі, сондықтан жөндеу - олардың міндеті. Бізде балкон құлады деген жағдай кездеспеді, бірақ мұндай жағдайда үй иесі жауапты болады. Бірақ егер пәтеріңіз 5-қабатта орналасқан болса, мынадай жағдайлар кездеседі. Әдетте, үйдің төбесі, содан соң сәл төмен балкон орналасады: бұл кезде балконға сол пәтердің иесі жауапты. Ал кейде үйдің төбесі мен 5-қабаттағы пәтер балконының төбесі жалғасып жатады. Бұл кезде жиі сол үйде тұратын барлық тұрғын бірігіп, ақша жинап, бірге жөндейді", - дейді Ерлан мырза.
Нұрғалиев Ерлан апаттық жағдайда тұрған балкондарды арнайы тексеретін ұйымның жоқ екенін айтты.
"Біздің ұйым ПИК-терді (КСК) 14 пункт бойынша тексереді, бірақ оның ішіне балкон тексерісі кірмейді. Балкондардың жағдайын тексеретін нақты ұйым жоқ", - деп жауап берді Ерлан Нұрғалиев.
Ашық дереккөздердегі мәліметтер бойынша, балкон плитасын қатайтудың екі әдісі бар: төменнен және жоғарыдан тірекпен бекіту. Бірінші әдіс тек төменгі қабаттарда қолданыла алады. Ал екінші әдіс кез келген биіктікте қолданыла береді. Жаңа балкон жасатудың бағасы жағдайға қарай әртүрлі болуы мүмкін. Instagram желісінде осы кәсіппен айналысатын маман стандартты өлшемдегі 290*90 см болатын балконға жөндеу жұмыстарын жасап, жаңадан қаптау шамамен 500 мың теңге болатынын айтты.
Еске салайық, 31 қаңтарда Шымкенттегі үшқабатты тұрғын үйде балкон құлаған болатын. Алдын ала болжам бойынша, бұған қар мен мұздың көптеп жиналуы себеп болған. Абырой болғанда, төменде адам болмаған.
А. Жапатова