“Балқияның“ бұрын айтпаған әңгімесі. Нұргүл Мыңғатованың қандай жаңалықтары бар?

"Келінжан" телесериалындағы "Балқия" рөлімен халықтың сүйіктісіне айналған Нұргүл Мыңғатованың өмірі мен шығармашылығында қандай жаңалықтар бар? Актриса кино мен театр әлемінің қос толқынын қалай ұштастырып жүргені жайлы бөлісті. Актрисамен тілдесу Massaget.kz тілшісіне шығармашылық жиындардың бірінде бұйырды. 

Актрисаның кино мен театрдағы сүйікті рөлі қандай?

Нұргүл Мыңғатова осы уақытқа дейін ойнаған рөлдерінің арасында халықтың "Балқия" рөлін ең жылы қабылдағанын және өзі де кино саласындағы сүйікті рөлі ретінде осы образды жақсы көретінін айтты. 

"Әрине, кинодағы сүйікті рөлім - Балқия. Көрермен үшін де, мен үшін де жалықпайтын образ болып қалыптасты. Сол себепті "Балқия" рөлі мен үшін ыстық. Ал театрдағы рөлдерімді бөліп-жара алмаймын. Әрқайсын бөлек жақсы көремін. Себебі барлығы іштен шыққан балам сияқты. Балалар мен жасөспірімдері театры болған соң, балаларға арналған қойылымдағы "Күшік" рөлін жақсы көремін", - деп жауап берді актриса.

сурет: instagram.com/nurgul.myngatova

Өнердегі әріптестері жайлы оймақтай ой

Нұргүл Мыңғатова "Келінжан" сериалынан кейін актриса, кинопродюсер Дариға Бадықовамен жақын досқа айналды. Ол "абысынтайының" жаңа жобасына сәттілік тілеп, ақжарма ниетін арнады. Сондай-ақ продюсер Гүлнұр Мамасарипова жайлы ойын бөлісті. 

"Гүлнұр Мамасарипова бізді ешқашан ренжіткен емес. Әрдайым қаламақымызды көтеріп отырады. Жақында шығатын "Келінжан - 3" қызық болайын деп тұр. Ол жерде билікке талас оқиғасы таспаланады. Өмірдегі көп тақырып қозғалады. Ал Дариға жайлы айтар болсам, біз бір үйдің баласындай болып кеттік. Өмірде де "абысынтайым" деп айтамын. Өте жақын доспыз. Жақында жаңа кинотуындысын жарыққа шығарды. Тек сәттілік тілеймін! Көрерменнің көңілінен шығып, мықты касса жинасын деп тілек білдіргім келеді", - деді актриса. 

сурет: instagram.com/nurgul.myngatova

"Бәріне үлгеруге болады" 

Актриса театр мен кино сахналарына қалай уақыт тауып жүргені жайлы айтты. Оның сөзінше, актерлердің шабыттануы тікелей көрерменнің арқасы. 

"Өзім де таңғалам. Бірақ ниет болса, жұмысыңды жақсы көрсең, бәріне үлгеруге болады. Өнер жолы оңай емес. Кино да, театр да үлкен еңбекті талап етеді. Сондықтан Алла Тағала өзі сондай күш-қуат береді деп ойлаймын. Бұл әуелі көрерменнің арқасы. Олар бізді үнемі қолдап, қошеметтеп отырса, халыққа жаңа образ үшін еңбек етіп, оларды одан сайын қуантуға дайынбыз. Әрдайым риза боламыз және одан сайын шабыттанамыз. Сол үшін халыққа, көрерменге алғыс айтамын", - деп жауап берді. 

сурет: instagram.com/nurgul.myngatova 

Нұргүл Мыңғатова - Қазақстанның талантты актрисаларының бірі. Ол 1983 жылы 21 шілдеде Шығыс Қазақстан облысы Аягөз қаласында дүниеге келген. Нұргүл кәсіби білімін Алматыдағы "Үздіксіз білім беру" университетінде заңгерлік мамандығы бойынша тәмамдаған. Кейін Бішкек Республикалық өнер университетінде актерлік мамандықты оқып бітірген. 2011 жылдан бері Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында қызмет етеді.

Ел арасында "Келінжан" телехикаясындағы "Балқия" рөлі арқылы танылды. Сондай-ақ ол "Әкім әйел" комедиясында басты рөлде ойнап, көрерменнің көңілінен шыққан еді. Театр сахнасында да көптеген танымал қойылымдарда басты рөлдерді сомдап, халықтың жылы ықыласына бөленіп келеді. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!