"Іле-Балқаш" мемлекеттік табиғи резерватына жіберілген аталық және ұрғашы жолбарыстың арасы қазір 20-25 шақырымды құрайды. Мамандар жыртқыштардың алдағы уақытта бір-бірін табатынына сенімді. Сонымен қатар жолбарыстар елді мекендерге жақындаған жағдайда тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін арнайы шаралар қарастырылған, – деп хабарлайды Massaget.kz.
Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, жолбарыстарды табиғатқа жіберу реті кездейсоқ таңдалмаған. Алдымен ұрғашы жолбарыс босатылған.
Бұл оған жаңа ортаға бейімделуге, өз аумағын белгілеуге және көбеюге дайындалуға мүмкіндік береді. Ұрғашы жолбарыс жүрген аумағында өз иісін қалдырады. Кейін табиғатқа жіберілген аталық жолбарыс осы белгі арқылы оны табуы тиіс.
– Қазіргі таңда екі жолбарыстың арасында 20–25 шақырым бар. Олар бір-бірін табады деп ойлаймыз. Ұрғашы жолбарыс алдымен өз аумағын белгілеп, жаңа ортаға бейімделуі керек. Кейін аталық жолбарыс оны табуға тиіс, – деді Әлібек Қуантыров.
Дегенмен екі жыртқыштың нақты қашан кездесетіні әзірге белгісіз. Мамандар олардың жаңа ортаға бейімделуін, қозғалыс бағытын және мінез-құлқын бақылап отыр.
Бұған дейін Қазақстанға әкелінген алғашқы жолбарыстың табиғи ортаға бейімделіп, өз бетінше аң аулап жүргені хабарланған еді.
Жолбарыстарды Қазақстан табиғатына қайта жерсіндіру бағдарламасы әзірленген кезде резерватқа жақын орналасқан ауыл тұрғындарының қауіпсіздігіне ерекше назар аударылған.
Осы мақсатта арнайы мамандар тобы құрылды. Олар резерват аумағында тәулік бойы жұмыс істеп, жыртқыштардың қозғалысын бақылайды.
– Халықтың қауіпсіздігі – біз үшін басты мәселе. Бағдарламаны дайындаған кезде жақын маңдағы тұрғындардың қауіпсіздігі ескерілді. Арнайы топ резерватта тәулік бойы жұмыс істеп жатыр, – деді министр.
Жолбарыстардың қозғалысын бақылау үшін резерват аумағы шартты түрде бірнеше аймаққа бөлінген. Әр аймақ жыртқыштың елді мекендерге қаншалықты жақындағанын анықтауға мүмкіндік береді.
Табиғатқа жіберілген екі жолбарысқа да арнайы бақылау қарғыбаулары тағылған. Бұл құрылғылар мамандарға олардың орналасқан жері мен қозғалыс бағытын бақылауға мүмкіндік береді.
Егер жолбарыс белгіленген қауіпсіз аумақтан шығып кетсе, бақылау жүйесі арнайы топқа белгі береді. Мамандар жыртқыштың бағытын өзгертіп, оны резерват аумағына қайтаруға дайын болады.
Министрдің айтуынша, жолбарыстардың саны көбейген сайын оларды бақылау тәсілдері де өзгеруі мүмкін. Қажет болған жағдайда кез келген жолбарысты ұстап, оған бақылау құрылғысын қайта тағуға мүмкіндік бар.
Мамандар жолбарыстарды Қазақстан табиғатына қайта жерсіндіру жұмыстары жануарлардың жағдайын ғана емес, резерватқа жақын орналасқан елді мекендердегі тұрғындардың қауіпсіздігін де ескере отырып жүргізіліп жатқанын атап өтті.