"Балқаш Жылу" ЖШС директорының бұрынғы орынбасары және кәсіпорынның бас бухгалтері бюджет қаражатын ұрлағаны үшін сотталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ҚМА баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оларға қатысты қылмыстық істі ҚР Қаржылық мониторингі агенттігі тергеп-тексерді.
Сотталғандар 2020 жылғы маусым мен 2023 жылғы қаңтар аралығында Балқаш ЖЭО мен Балқаш қаласын жылумен жабдықтау желілерін жөндеуге және жұмысын үздіксіз қамтамасыз етуге арналған бюджет қаражатын іс жүзінде қандай да бір азаматтық-құқықтық мәмілелер жасалмаған жалған кәсіпорындардың шоттарына негізсіз аудару жолымен ұрлаған.
Жалпы сомасы 708 млн теңге болатын ұрланған қаражат оны пайдаланудан кіріс алу үшін жылжымайтын мүлікпен мәмілелер жасау арқылы заңдастырылды. Тергеу барысында күдіктілер 144 млн теңгені ақшалай қайтарды.
Кінәлі адамдарды сот 5,5 жыл және 5 жыл бас бостандығынан айырды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. Мемлекет кірісіне 3 бөлмелі пәтер мен Lexus автокөлігі тәркіленді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!