Балқашта дәмханада атыс болып, даяшы жарақат алды

Балқашта дәмханада атыс болып, даяшы жарақат алды
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Балқашта дәмханаға келген адамдардың арасындағы жанжал атысқа ұласты. Оқиға салдарынан мекеме қызметкері жарақат алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қарағанды облыстық полиция департаменті даяшының жараланғаны туралы ақпаратты растады.

Полиция деректеріне сүйенсек, қаладағы дәмханалардың бірінде бірін-бірі танитын адамдар сөзге келіп қалған. Артынша жанжал төбелеске ұласып, оқиға кезінде травматикалық қару қолданылған.

Салдарынан дәмхана даяшысы жеңіл оқ жарақатын алды. Оның қазіргі жағдайы әзірге нақты айтылған жоқ.

Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полиция жанжалға қатысқан адамдардың кім екені анықталғанын мәлімдеді.

"Қазір күдіктілердің жүрген жерін анықтау және оларды ұстау бойынша жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы Қарағанды облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауында", — делінген өңірлік полиция департаментінің ақпаратында.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

С. Бөлек
Logotype Massaget