Балқаш маңында жасырын голланд қарасора плантациясы табылды

Фото: видеодан алынған кадр

27 шілдеде Алматы облысының полицейлері "Қарасора – 2024" жедел-профилактикалық іс-шара аясында Балқаш өңірінде әуе барлау кезінде үш тоннаға жуық голланд қарасорасын тапты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Есірткі плантациясы Балқаш көлінің аралдарының бірінде анықталды. Жүргізілген сараптама тәркіленген 6 122 өсімдік бұтасы жалпы салмағы 2 тонна 740 келі голландиялық каннабис екенін растады", - деді Алматы облысы полиция департаментінің бастығы Бауыржан Әленов.

Өсіру дерегі тиісті күтімді қамтамасыз ететін нақты ұйымдастырылған суару жүйесінің болуымен расталады. Сонымен қатар арал аумағында орналасқан шатырда патрондарымен тегіс ұңғылы қару, қажетті екі қап тыңайтқыш, сондай-ақ қарасораны суару және өңдеу туралы жазбалары бар дәптер табылған.

"Құрамында есірткі заттары бар өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілерді ұстауға бағытталған жедел-іздестіру іс-шараларының кешені өткізіліп жатыр", - деп толықтырды Бауыржан Әленов.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан