Саян Мұратұлы Балқаш қаласының әкімі болып тағайындалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Президент әкімшілігінің және мәслихат депутаттарының келісімімен Балқаш қаласының әкімі болып Саян Мұратұлы тағайындалды.
Жаңа басшыны Балқаш активіне Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев таныстырды. Облыс әкімі жаңа әкімнің алдына қойылған негізгі міндеттерді айқындап, қаланың инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымын одан әрі дамыту, коммуналдық қызмет сапасын арттыру, абаттандыру жұмыстарын жүйелі жүргізу және әлеуметтік маңызы бар жобаларды тиімді іске асыру басым бағыт екенін жеткізді.
Сурет: gov.kz
Айта кетейік, Саян Мұратұлы мемлекеттік басқару жүйесінде 2015 жылдан бері еңбек етіп келеді. Мемлекеттік қызметтегі еңбек жолын Балқаш қаласының Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде абаттандыру, автомобиль жолдары, жолаушылар көлігі және коммуналдық шаруашылық секторының бас маманы болып бастаған.
Кейін Қарағанды облысының Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасында сумен жабдықтау және су бұру бөлімінің бас маманы, кейін осы бөлімнің басшысы қызметін атқарды.
2022-2024 жылдары Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары болды. Одан кейін Қарағанды облысының Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарды.
2025 жылғы тамыздан бастап Қарағанды облысы Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы болды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова