Балиде қазақстандық әйел ұсталды

Индонезияның көші-қон қызметі Балидегі бірнеше туристік ауданда жүргізілген тексеру барысында Қазақстан азаматын ұстады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі antaranews.com дерегіне сілтеме жасап. 

Арнайы тексеру кезінде 13 шетелдік азамат ұсталған. Олардың 12-сі әйел, біреуі ер адам. Рейд Чангу, Семиньяк және Умалас аудандарында өткен. Тексеруге жергілікті тұрғындардан түскен мәліметтер себеп болған. Бұдан бөлек, құқық қорғау органдары шетелдіктердің интернет пен әлеуметтік желідегі әрекеттерін де назарда ұстаған.

Умалас ауданындағы виллалардың бірін тексеру кезінде төрт әйел ұсталды. Үшеуі Ресей азаматы болса, тағы бірі - Қазақстан азаматы.

Кейін осы маңнан Нигерияның төрт азаматшасы да ұсталған.

Индонезия билігі олардың елде тұруға берілген рұқсат талаптарын бұзуы мүмкін екенін хабарлады. Алайда Қазақстан азаматына нақты қандай заңбұзушылық қатысты тексеру жүргізіліп жатқаны әзірге ашық айтылған жоқ.

Қазір ұсталғандар Нгурах-Рай көші-қон басқармасына жеткізіліп, тергеу мен тексеруден өтіп жатыр.

Егер көші-қон заңнамасын бұзғаны дәлелденсе, олар елден шығарылып, Индонезияға бес жылға дейін қайта кіре алмауы мүмкін. Тергеу нәтижесіне қарай кейбіріне қатысты қылмыстық іс те қозғалуы ықтимал.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!