Баласы ұйықтатпаған соң әйелін ұрған: Талдықорғанда ер адам ұсталды

2 қазанда Талдықорған тұрғыны полицияға хабарласып, күйеуі ұрып, қорқытқанын айтқан. Оқиғаның видеосы желіде тарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оқиға орнына жедел жеткен полиция қызметкерлері ер адамды ұстады. Одан қару тәркіленді.

Оқиғаның мән-жайы әлеуметтік желіде видео тарағаннан кейін белгілі бола бастады. Жеке үйдің ауласында түсірілген кадрларда жартылай жалаңаш ер адамның әйелді қуып жүргені көрінеді.

Әйелдің жақын құрбысының айтуынша, жанжал 2 қазанға қараған түні болған. Оның сөзінше, ұрыс бір жастағы баланың жылағанынан басталған. Кейін жанжал ұрып-соғуға ұласқан.

Құрбысының айтуынша, ер адам әйелін таңғы төртке дейін ұрған. Әйелдің айқайын естіген көршілер араша түсуге тырысқан. Алайда куәгерлердің сөзінше, ер адам оларға суық қарумен тап берген.

Әйелдің айтуынша, жанжал таңертең де жалғасқан. Ол дене жарақатын алғаннан кейін полицияға жүгінген.

Дене жарақатын келтіру және қорқыту деректері бойынша қылмыстық істер қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Дәрігерлердің тексеруінен кейін әйел баласымен бірге дағдарыс орталығына орналастырылып, оларға қажет көмек көрсетілді.

Полиция мәліметінше, бұған дейін әйелден күйеуіне қатысты арыз-шағым түспеген. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы қылмыстық іс аясында анықталып жатыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!