- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Баласы мен келінін...
"Баласы мен келінін ұрыстырып, ортасына жатып алатын енелер бар"
Блогер, коуч Роза Әшірбаева әйелдер мен ер адамдардың проблемасын қозғап, қарым-қатынаста туындайтын түсініспеушілік туралы айтты. Оның айтуынша, оған хат жазатын әйелдер де, қыздар да көп. Олар ішіндегісін ашып айтпайды сондықтан түрлі мәселе пайда болады. Бұл туралы ол КТК телеарнасына берген сұхбатында айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Блогердің айтуынша, оған әр жастағы әйелдер проблемасын айтып жиі жүгінеді. Ол жас қыз болсын, тұрмыс құрған үлкен әйел болсын, айта алмай жүрген проблемалары өте көп. Блогердің ойынша, Желіде танымал болуының себебі де сонда болуы керек. Өйткені "көп әйел айта алмай жүрген дүниені айтамын, мен айтқан мәселе көбінің ішінде жүр, олар үндес болғандықтан, маған жазылады, оқиды, сұрақ қояды" дейді Роза Әшірбаева. Блогер күніне 200-300-ге жуық хат келетінін айтты.
"Егер жас қыздар болса, "жар таңдауда қалай қателеспеуге болады", "жігітіме қалай алданбауым керек", "тұрмыс құрғанда не нәрсеге көңіл бөлуім керек". Егер отбасылы әйел болса, "бала тәрбиесі", "күйеумен қарым-қатынас", "күйеуім ойын ойнайды/лудоман/ішкіш/наркоман не істеймін", "күйеуім мамасының баласы". 50-ден асқан ханымдар болса, "өмір өтті, балалардың бәрі өсті, кетті, бұған дейін істеген жұмысым қызық емес, не істесем болады", дейді. Әр жаста, әр кезеңде әйелдердің проблемасы әртүрлі. Қазір маған тіпті 11-12 жастағы қыздағы жазады. Мүмкін, анасына бірдеңені айта алмайтын шығары", - дейді блогер.
Роза Әшірбаева жалпы сұрақ қоятын батыл ер адамдар да бар екенін айтады. Оның айтуынша, мұның себебі жалпы қарым-қатынасқа, сезімге келгенде менталитетте қыспақтың көптігінен.
"Біріншіден, ол мәселені көтеруге адамдар ұялады. Екіншіден, осындай проблемамам бар деп айтуға ұялады. Ұл балаларды қалай тәрбиелейді, "сен жылама, сен жігіт емессің бе, жігітте проблема болуы мүмкін емес, жігіт күйзеліске түсуі мүмкін емес, ол - шаршамайды, ол - темір", - дейді ол.
Ол ер адамдар да тұрмыстық проблемалардан шаршайтынын, белгілі бір мәселелерден қиналатынын айтады. Бірақ көбісі оны ашып айтпайды және қашады. Сондықтан, ойынға, ішімдікке салынатынын, отбасынан кетіп көңілдес табады. Әшірбаеваның айтуынша, бұл - жауапсыздық.
Сондай-ақ, блогер әр отбасы бөлек тұруы керек дейді.
"Егер отбасы бөлек тұра алмаса, өз қажеттіліктерін өздері жаба алмаса, екеуі бірігіп бір команда - бір отбасы бола алмаса ол қиын болады. Бірге тұрған отбасыда, оның басшысы - ата-анасы. Жасы 40-қа келсе де өзі шешім қабылдай алмайтын ер-азаматтар бар. Өйткені үйде шешімді ата-анасы қабылдайды. Сонда 40-қа келсе де, шешім қабылдауды, проблемаларды шешуді, отағасы болды үйренбеген. Сондықтан да, жалғыз бала болсын, кенже бала болсын, бөлек тұруы керек".
Баланы анасының тәрбиесіне беріп қою да дұрыс емес. Сондықтан, қазір "мамасының балалары" көп, дейді блогер. Оның айтуынша, осы мәселемен сұрақ қойып, хат жазатындар көп.
"Өйткені мұндай жігітке тұрмысқа шыққан қыз отбасында үшінші болып қалады. Өйткені, қарым-қатынас анасы мен баласында. Ол: "Айлықты не істейміз, қайда жаратамыз, не алатын болдық", деп әйелімен емес анасымен сөйлеседі. Содан кейін мынандайлар бар, күйеуі екеуі бөлмесінде отырып, шүйіркелесіп, арасында әңгіме айтып, көңілді отырса, енесі міндетті түрде есікті тоқылдатып тұрады. Оған қоса, ортасына жатып алатындар бар. Маған жазады ондайлар. Немесе келіні мен баласын ұрыстырып, баласының төсегін бөлек салдырып алатындар бар", - дейді.
Бұл проблемалардың бәрі "еркек - түзде, әйел - үйде", деп бөлу тастаудан басталады.
"Еркек: "мен ас үйге кірмеймін, бала тәрбиелемеймін, мен жұмысқа барып, ақша тауып келсем болды" дейді. Әйел: "мен жұмыс істемеймін, баланы өзім қараймын, бізді асырайсың" дейді. Ол баласын туады, тәрбиелейді, сосын балалармен жеке комьюнити болып қалады. Ортадағы байланыс тек балаларда болып қалады. Бірге тұрады бірақ сөйлеспейді".
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Д. Шәріпхан