Балаңызбен "бала тілінде" сөйлесуді доғарыңыз - психолог

Қазіргі замандағы өзекті тақырыптың бірі - бала тілінің кеш шығуы. Оған көпшілік гаджеттерді кінәлайды, себебі балалар кішкентай кезінен бастап телефоннан мультфильм қарап, ойын ойнайды. Бала тілінің кеш шығуының негізгі себептері қандай? Бұл сұраққа Massaget.kz тілшісіне 12 жылдық тәжірибесі бар балалар психологы Сағынған Баршагүл жауап берді.

Жүктілік кезінде қандай да да бір проблеманың болуы

Жүктілік кезінде әйел өзінің физикалық та, эмоциялық та жағдайына мән бергені дұрыс. Уақытымен дәрігерге көрініп, қажет ұсыныстарды орындап тұруы керек. Жүктілік кезінде оттекті ашығу, дәрумендердің жетіспеуі, түрлі инфекциялар жұқтыру және т.б нәрселер бала дүниеге келгеннен кейін оның дамуына әсер етуі мүмкін. Сондай-ақ жүкті әйел күйзеліске түспеуге немесе онымен күресуге, әр нәрсені көңіліне қабылдамауға тырысуы керек. 

"Мен ең бірінші оған жүктілік кезеңін жатқызар едім. Жүкті кезіндегі ана денсаулығына байланысты баланың дамуы кешігуі мүмкін. Сондай-ақ жүктілік кезіндегі күйзелістік жағдайлар да балаға қатты әсер етеді", - дейді психолог. 

Баланың дүниеге келу кезінде қандай да бір проблеманың болуы

"Мысалы, баланың басы қысылып немесе кіндігі мойнына оралып туылуы мүмкін. Мұның барлығы кейін бала тілінің дамуына әсер етеді", - деп түсіндірді Сағынған Баршагүл.

Тұқымқуалаушылық

Балалар психологы тұқымында тілі кеш шыққан адам болса, баланың да тілі кеш шығуы мүмкін екенін ескертті. Мысалы, әкесінің немесе анасының бауырларының бірінде сондай проблема болған болуы мүмкін.

Қозғалыстың аздығы

Маман қазіргі балалардың аз қозғалатындығына алаңдатушылық білдірді.

"Қазір балалар көбіне ұялы телефонмен немесе планшетпен отырады, сондықтан аз қозғалады. Ал аз қозғалған баланың сенсорикасы мен моторикасы кеш дамиды. Сол себепті оның тілі кеш шығуы мүмкін. Баланың белсенді ойындар ойнауы және құммен, ермексазбен ойнауы, жаттығулар жасауы маңызды", - дейді психолог.

Ата-ананың баламен қарым-қатынасының аз болуы

Психолог ата-ана баламен көп сөйлесу керегін айтты.

"Егер ата-ана баламен аз сөйлессе, балаға қажетті уақыт бөлмесе, баламен ойнамаса, ол бала тілінің уақытында шығуына жағымсыз әсер етеді. Мысалы, үйде жалғыз бала болса, онымен сөйлесетін басқа ешкім болмаса, ата-ана да ол баламен сөйлеспесе, тілі кеш шығады. Бір үйдегі 2-3 бала мен бір үйдегі жалғыз баланы салыстырғанда көп балалы отбасыда балалардың тілі тез дамиды, өйткені оларда үйде байланысқа түсетін, сөйлесетін өзімен тетелес балалар бар", - дейді ол.

Баламен "бала тілінде" сөйлесу

Маман ересектер баламен анық сөздер айту арқылы сөйлесу керегін түсіндірді.

"Сондай-ақ қазір ересектер баламен "бала тілінде" сөйлеседі, яғни балаға анық сөздер айтпайды. Мысалы, көпшілік ата-ана мен ата-әже балаға "ка-ка дейсің бе", "піш-піш боласың ба", "ням-ням жейсің ба", "уппай дейін бе" деген секілді сөздер айтады. Баламен бұлай сөйлессеңіз, баланың тілі кеш дамуы мүмкін. Егер бала сізге "ка-ка деймін" десе, "үлкен дәретке барам дейсің бе, жарайды" деп ата-ана әркез қалай дұрыс сөйлеу керегін айтып отыруы керек. Солайша бала ата-анасының сөзін қабылдап, ол біртіндеп солай сөйлейтін болады", - деп қорытындылады Сағынған Баршагүл.

Оқи отырыңыз: Баламен ойнау арқылы оның сөйлеуіне көмектесуге бола ма? Логопед баласы сөйлемей жүрген ата-аналарға кеңес берді