Биология ғылымдарының докторы, педагог, физиолог Марьяна Безруких I-BALAQAI жобасында балалардың қабілетін ерте жастан анықтайтын пайдасыз технологиялар және қашықтан оқудың миға қалай әсер ететінін түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Бүгінде "данышпан бала", "ол данышпан" деген сөздерді жиі қолданып жатамыз, бірақ бір айтарым, адамзат тарихында барлығы 500-дей данышпан бар. Әрине, баланың қандай да бір қасиеті туралы әңгіме болса, ол жайдан жай, бала өмір сүретін ортаға күш салмаса, оған қолдау білдірмесе ол данышпан болып шықпайды", - дейді эфир қонағы.
Осылайша, танымал маркетингтік "технологиялардың" арқасында заманауи ата-аналар баланың бойындағы қасиетін ерте анықтауға тырысады.
"Мысалы, 3-4-5 жаста баланың қандай қабілеті барын білу үшін оны энцефалограммаға жазып қояды. Нейрофизиолог, осы іспен 50 жылдан бері айналысып келе жатқан адам ретінде айтарым, энцефалограмма оны анықтай алмайды. Жалпы, баланың қабілетін, ерте жастан баланың қалауын егер ол расымен данышпан болса анықтауға болады", - дейді Марьяна Безруких.
Оның айтуынша, көптеген зерттеу бойынша, адамның қабілеті мен қасиеті 10-12 жасында байқала бастайды. Физиолог танымал математик, данышпан балалармен жұмыстың негізін қалаушы Андрей Колмогоров балаға ерте жастан математиканы емес, шығармашыл болуға - музыка, сурет өнері және басқа да өнердің түріне баулу керегін айтқан.
"Ол бұл маңызды деп есептеген, себебі математика үшін креатив пен шығармашылық маңызды. Ал бүгінде біз егер ерте жастан балаға есептеуді үйретсек - ол танымал математик болады деп ойлаймыз. Бірақ бүгінде кең таралған менталды математика жоғары математикалық қабілеттерге кепілдік бермейді", - дейді маман.
Жас бойынша психофизиология баланың миының дамуы туралы ғылым ретінде ХХ ғасырдың 70-жылдары пайда болған. Спикердің сөзінше, Америка, Еуропа елдерінде 20 жыл бұрын үш жасқа дейін мидың дамуы тоқтайды деген аңыз тараған.
"Бүгінде ол біздің елдерге де келген болуы керек. Мектеп жасына дейінгі кезеңде ми жабылмайды, керісінше, дамуын тоқтатпай, баланың даму және білім алуға деген әлеуеті арта түседі. Ол 25 жасқа дейін солай болады. 25 жаста негізгі процестер тоқтайды, бірақ ми стандартқа сай емес және қиын тапсырма алған сайын оның даму мүмкіндігі де жоғары болады", - дейді маман.
Баланың сау өсуіне арналған Мариана Безрукийден 5 кеңес:
- Стресті азайту;
- Физикалық және психикалық зорлықты болдырмау;
- Баланың әртүрлі іс-әрекеттерде тәжірибесі болуы үшін мүмкіндік жасау;
- Баланың мүдделерін, ұмтылыстарын көтермелеу, оның тілектерін қолдау;
- Балаға кез келген жағдайда көмектесіп, қолдау.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!