Тіл - ата-ананың баламен тілдесу құралы. Балаға әуел бастан ана тілін үйрету оның тұлға болып қалыптасуына, өзінің мәдениетін тануға негіз болады. Бала тіл арқылы қоғамды түсіне бастайды. I-BALAQAI-ға Tildaua онлайн мектебінің негізін қалаушы, филолог, педагог-әдіскер Төлеу Аймағанбетова баламен қазақ тілінде тілдесу не үшін маңызды екенін айтты.
Педагог баланың қазақ тілінде сөйлеуіне ерекше назар аударып, қазақ тіліндегі ерекшеліктерге тоқталды.
"Барлық мәдениет тілде жатыр. Тіл - ұлттың, этностың психология айнасы. Әр тілдің өзіндік философиясы бар. Біздің қазақ тілі сондай әдемі, бай екенін білесіз бе? Оның себебі қазақтар табиғатпен тығыз байланыста болған. Біз сабақта үнемі сөздерді талдаймыз. Яғни, алдымен сөзді аударамыз, кейін оған морфологиялық талдау жасаймыз. Мұның бәрі бала сөздің қалай пайда болатынына мән беру үшін жасалады. Бір байқағаным, қазақтар сөзжасамға өнер түрі ретінде қараған. Тіл философия, психология, мәдениет, тарихпен тығыз байланысты болған соң, оны білу, сол тілде сөйлеу, әсіресе өскелең ұрпаққа, маңызды. Өзінің ана тілін білетін бала, тұлға ретінде қалыптасады", - деді Төлеу Аймағанбетова.
Сондай-ақ, Төлеу Аймағанбетова ата-аналарға балаларына қазақ тілін үйретудің бірнеше әдістерін айтты.
"Егер ата-ана қазақ тілін білмесе, білуге ынталану керек. Бұл - бір. Ал білсе, күнде сол тілде сөйлеу керек. Балаға үлгі болу керек. Мұның бәрі баланың бейсанасында қалады. Бұдан басқа, тек сөйлеп қоймай, қазақша ортаға бейімдеу керек, кітаптар алу керек, мәдени орталарға, ауылға бару керек. Үйде қазақ тіліндегі түрлі бағдарламаларды, өлеңдерді үнемі тыңдау керек", - деді педагог.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!