“Балаңыз қатты дуаланған“. Алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды

Полиция тұрғындарды қырағы болуға және алаяқтықтың жаңа түрінен сақтануға шақырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

ІІМ мәліметінше, кейінгі уақытта интернетте өзін "емші", "көріпкел" немесе "балгер" ретінде таныстырып, азаматтарға "балаңыз қатты дуаланған" деп, оны "емдеп, дуаны қайтаруды" ақылы түрде ұсынатын алаяқтық әрекеттер жиілеген.

"Алаяқтар адамдардың қорқынышы мен алаңдаушылығын пайдаланады. Әдетте олар азаматтармен әлеуметтік желі мен мессенджерлер арқылы байланысып, түрлі белгілерді алға тартады және жағдай күрделі екеніне сендіреді. Кейін "ем жүргізу", "дуаны қайтару" немесе "қажет заттарды сатып алу" деген сылтаумен ақша аударуды сұрайды", - деді ІІМ өкілі.

Полиция мынадай ескерту жасады:

  • интернеттегі бейтаныс адамдардың "емдеп жазу", "көз тиюден арылту" деген уәделеріне сенбеңіз;
  • таныс емес адамдардың есепшоттарына ақша аудармаңыз;
  • жеке дерегіңізді, банк карталарының дерегін және SMS арқылы келетін кодты ешкімге айтпаңыз;
  • қорқыныш пен дүрбелеңге бой алдырмай, ақпаратты тексеріңіз;
  • күмәнді жағдайға тап болсаңыз, хат алмасу тарихын және ақша аударылғаны туралы түбіртекті сақтап қойыңыз.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!