Баланың денсаулығына зиян келмес үшін кәмпитті қанша жеуге болады? Қанттың көп болуы баланың хал-жағдайы мен әрекетіне қалай әсер етеді? Бұл сұрақтарға гастроэнтеролог Екатерина Кашух "Известия"-ға жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Дәрігердің айтуынша, балаларға күніне алты шай қасық, яғни 30 г-нан артық қант жеуге болмайды. Мысалы, 100 г кәмпитте шамамен 70 г қант болады. Яғни, күніне екі-үш кәмпит баланың денсаулығына зиян келтірмеуі керек. Ал екі жасқа дейінгі балалаларға дәрігер тәттіні мүлдем бермеуге кеңес береді.
Алайда дәрігер тәттінің мөлшеріне емес, оның сапасына да мән беру керегін айтты.
"Кез келген қант зиян емес. Табиғи қант барлық жеміс-жидектерде және көкөністерде болады. Ол дұрыс рационның маңызды құрауышы. Глюкоза ағзаға тамақпен бірге түсіп, ішектен қанға сіңеді, содан соң инсулин гормоны арқылы жасушаларға өтеді. Солардың ішінде глюкоза ыдыраған кезде АТФ молекулалары түзіледі. Ол барлық орган мен тінді энергиямен қамтамасыз ететін батарея секілді. Соның ішінде миды да қуаттайды", - деп түсіндірді Екатерина Кашух.
Ал қосылған қантты шектеу қажет. Оны пісірмеге, кәмпитке және басқа да десерттерге қосады. Сондай-ақ ол дүкендегі барлық консервіленген өнімдерде, тәтті йогурттарда, сүтті коктейльдерде, шырындарда және шұжықтарда болады.
Оның айтуынша, қосылған қанттың көп болуы денсаулыққа зиян. Тәттілер қаншалықты көп болса, глюкоза соншалықты нашар сіңеді: ол жасушаларға түспейді, қанда айналып жүре береді, содан соң майлы қыртыстар күйінде бауырға және бұлшықеттерге жиналады. Солайша, тіндер мен органдарды бұзады.
"Рационда қанттың көп болуы 2-ші типті қант диабетінің даму қаупін арттырады. Қант тұтынуды бақыламаса, ол қан тамырларға әсер етіп, семіздікке әкелуі мүмкін. Сондай-ақ зиянды тәттілер – ішектегі патогенді микробтар үшін сүйікті тағам екенін білу маңызды. Рационда қосылған қанты көп өнімдер көп болса, зат алмасуға қатысатын және иммунитеттің жұмысын сақтайтын пайдалы бактериялар әлсіз бола түседі", - деп ескертті гастроэнтеролог.
Сондай-ақ тәттілерден соң бала қозып кетуі мүмкін: глюкозаның көп болуы миға солай әсер етеді. Оған қоса, кәмпиттер тіске зиян.
"Тәттілерді пайдалы немесе зиян өнім ретінде қарастырудың қажеті жоқ. Егер бала бірнеше кәмпит немесе кішкене шоколад бөлігін жесе, ол аса зиян тигізе қоймайды. Бірақ денсаулықты сақтау үшін толыққанды рацион мен шаманы білу маңызды екенін түсіну керек. Тамақтану тәртібін сақтау керек: мысалы, уақытымен тамақтану. Себебі бала әдетте уақытында тойымды тамақ жемегендіктен, тәтті жегісі келеді", - дейді дәрігер.