Психолог Лаура Сейітбек өзінің инстаграм парақшасында әйелдерге, ата-аналарға кеңес берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Маман проблеманың салдарымен емес, оның себебімен күресудің маңызды екенін айтты.
"Экс-шенеуніктің оқиғасы қоғамды дүр сілкіндірді. Бәлкім, қоғамның бұл реакциясы қылмыс жасаған адам елге белгілі болғандықтан шығар?! Әйтпесе, мұның алдында да әйелді асқан жауыздықпен өлтірген факті көп болды ғой. Сол қылмыскердің бәріне – 12-15 жыл ғана жаза тағайындалған. Шымкентте болған бір оқиғаның себепкері тіпті 4,5 жылға ғана сотталды. Бұл - тым жеңіл жаза. Өйткені, балаларды анасынан айырған, ата-ананы қызынан, аға-әпкені, іні-сіңліні бауырдан айырған қылмыскерге барынша қатаң жаза қолданылуы керек.
Бишімбаев оқиғасы - қатал Заң қабылдау мәселесін кезек күттірмей, жеделдетсе екен деген тілек. Бірақ бұл проблеманың салдарымен ғана күресу.
Ал проблеманың негізгі, түпкі себебімен күресу ше? Оған мән беріп жатырмыз ба? Әйелін өлтіретін, туған қызын зорлайтын, балаларын қорлайтын, отбасына эмоционалдық, психологиялық қысым көрсететін тирандардың, абьюзерлердің әлеуметтік портреті кандай? Олардың өскен ортасы мен көрген тәрбиесі қандай?
Мәселені қазып, қазып келгенде бәленің бәрі - отбасындағы, туған ұясындағы көрген-түйген тәлім-тәрбиенің, олкылығына келіп тіреледі. Бұл - біздің ұлттык трагедиямыз! Өйткені біз әуелден ер баланы қыздан жоғары қоятын, ер баланы барынша өбектейтін халық екенімізді мойындайықшы. Ұл дүниеге келгенше тоқтамай туа беретін әйелдер қаншама?! Ұлга дейін дүниеге келген қыздарды аяйсың. Олар өзін қыз болғаны үшін қысылып, кінәлайтын хәлге жеткіземіз.
Әрине, сосын қыздарымыз өзін кұнсыз сезінеді. Олар өз бағасын білмейді, өзіне кұрметпен қарауды талап етпейді, өз құқықтары мен бостандықтарын қорғай алмайды, ар-ұжданына біреу қол сұғып жатса, оған тоқтау сала алмайды.
Әкесіне еркін еркелей алатын қыздар өте аз! Шешесімен шешіліп сейлесе алатын қаракөздер де өте санаулы. Келін болып барған жерінде күйеу мен ене күн көрсетпейді, үйіне қайтайын десе, әке-шешесі "қызы байдан қайтып келді" деген "ұяттан" өртеніп кіргізбейді. Сөйтіп қыз байғұс қорғансыздың күнін кешеді. Соңы қандай трагедиямен аяқталғанын жаңалықтардан оқып отырамыз.
Енді не істеу керек?
Құрметті әйелдер! Өздеріңді кұтқаратын - өздерің ғана! Сіз қорлыққа көне берсеңіз, Сізден туған баланың да қорлык-зорлыққа еті үйренеді. Шешесін әкесі тепкілегенді көріп өскен бала, ертең әйелін тепкілейді. Ал қыз күйеуі ұрып, кұл ғып жатса да, сол босағада өлігі шыққанша жүре береді. Өйткені басқа жолды білмейді. Сондықтан ерік-жігеріңізді жинап, адам болмайтын "хайуаннан" өзіңізді, ұрпағыңызды сақтау үшін қашыңыз! Ешкімнің сөзіне карамаңыз!
Құрметті ата-аналар! Сіз өсірген бала ертең біреудің көз жасына қалмау үшін - бүгін әрекет етіңіз! Балаңыз қылмыскер болса - Сіз де қылмыскерсіз! Біреудің көзжасын арқаламаңыз! Баланы кішкентайынан мейірімге бөлеп, эмоционалдық, интеллектісін тәрбиелеп, қиындыққа тап болса, ашуын елден алмайтындай, сабырлы етіп өсіру ушін баламен Өзініз ұрмай соқпай мәміле жасауды үйреніңіз. Тұлғалығыңызды дамытып, сау қарым-қатынас құру туралы білім алыңыз. Саналы адамша конфликт шешуді көрсетіңіз. Дұрыс жыныстық тәрбиені игеріңіз.
Отбасыңыздағы қызды бар болғаны үшін аялап, кұнды екенін сездіріңіз. Ұлыңызга жауапкершілікті жүктеп, аманатқа қиянат жасауға болмайтынын үйретіңіз. Бәріміздің ұл-қызымыз бар! Ешкімнің көз жасына калмайық! Адамға адам деп құрметпен қарауды үйренейік", - деп жазды Лаура Сейітбек.
Еске салайық, бұған дейін экс-министр Бишімбаев әйелін ұрып өлтірді деген күдікке ілінгені хабарланды. Кейін ол қамауға алынды. 11 қарашада Бишімбаев уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.