- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Балаңыз ауыз бекітті...
Балаңыз ауыз бекітті ме? Маман ата-аналарға кеңес берді
Бүгінде мектеп жасындағы балалар да ауыз бекітетін болған. Бұл тіпті кейінгі бір-екі жылда белең алып барады. Кейбір ата-аналар "бұл дұрыс емес, олар алдымен білім алсын" десе, екінші тарап "дұрыс, баламыздың имандылыққа бет бұрғаны жақсы" дейді. Осы тұста дәрігерлер ата-аналарға кеңес берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Дәрігердің сөзінше, балиғат жасына толған баланың денсаулығында кінәрат болмаса, ораза ұстауына болады, зияны жоқ.
"Жалпы ораза созылмалы аурулар және асқынулар болмаса, зиянсыз. Ауыз бекіту кезінде адам ағзасы қажетсіз элементтерден арылып, керісінше қажет дәрумендермен байи түседі. Ораза ұстау деген кешке дейін жата беру дегенді білдірмейді. Кәдімгі күнделікті қалыпты қимыл-қозғалыста болған абзал. Ораза кезінде сәресіне жеңіл тағам (бұқтырылған тары) тұтынсаңыз, ағзада ұзақ сақталады. Ал ауызашар уақытта тағамды бірден жемеу керек, сумен және құрмамен ауыз ашқан соң, 10-15 мин үзіліс жасап барып жеген дұрыс", - деді Алматыдағы №21 қалалық емхананың дәрігері Назгүл Пернебек.
Еске салайық, бұған дейін Алматы қалалық №36 емхананың жалпы тәжірибе дәрігері Мөлдір Әлімбаева Рамазан айында ауыз бекіткен адамдар спортпен қалай дұрыс айналысуы керек екенін айтты.
Дәрігердің сөзінше, ораза кезінде бірқалыпты физикалық белсенділік денсаулыққа оң әсер етеді. Дегенмен әр адам әртүрлі екенін есте ұстаған жөн, сол себепті ораза кезінде жаттығуды бастамас бұрын дәрігермен кеңесіп алған артық етпейді.
"Ораза кезінде бірқалыпты спорт түрін таңдауды ұсынамын. Жоғары қарқынды жаттығулардан аулақ болған дұрыс. Оның орнына йога, пилатес, жүру немесе таза ауадағы жаттығуларға артықшылық беру керек. Өз тәніңізге көңіл бөліп, өзіңізді шамадан тыс қинамауыңыз керек. Жаттығулар арасында демалыс жасап отыру керек. Қатты терлемеген дұрыс. Ауыз ашқан соң, жеткілікті мөлшерде су ішу маңызды. Қандай да бір ыңғайсыздық немесе әлсіздік сезінсеңіз, жаттығуды дереу тоқтатыңыз", - дейді дәрігер.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова