Соңғы жылдарда мамандар "бала тілі кеш шығатын болды" деп дабыл қаға бастады. Шыққан күннің өзінде бұрынғыдай "р"-ға емес, "ң"-ға, "қ"-ға тілі келмейтін бүлдіршіндер көп. Қазір мектепке даярлық сыныбына барып жүрсе де, тілі дұрыс шықпаған ұл-қызын логопедке, психологқа әкелетін ата-аналар көп.
Мұның түпкі себебі неде? Massaget.kz тілшісі тараздық психолог Салтанат Букешовамен тілдесіп, бала тілінің толық шықпай қалуына не әсер ететінін сұрап білді.
"Бала психологиясын зерттеп келе жатқаныма 4 жылдан асты. Қазіргі әрбір отбасында бар басты мәселе – баланың дыбысты ажырата алмауы. "Ы" мен "У"-дың, "Ү" мен "Ұ"-ның, "Н" мен "Ң"-ның айырмасын, дұрыс дыбысталуын білмейді. Бұл үлкен мәселе. Баласы сөзді дұрыс айта алмаған соң ата-аналар жатып кеп логопедке, психологқа жүгіреді", - дейді Салтанат Букешова.
Қазір 2 жастан асқанша "әке", "ана" дегеннен басқа сөзді айтпайтын бала көбейді. Көпшілігі мұны бүлдіршіннің еркелігіне жори салады. Мамандар бұл ешқандай да еркелік емес екенін айтады.
"Бізге әкелгенде ата-анадан ең бірінші балаға YouTube көрсетесіз бе деп сұраймыз. Ал YouTube-те балаға арналған контент жоқ. Баланың бұл әрекетіне ата-ана түсінгісі де, зерделегісі де келмейді. Үйдегі орта қазақ тілді орта, әкесі де, шешесі де қазақша сөйлейді. Ал бала орысша контент көріп өскен. Ол өз ойын қай тілде айтып жеткізерін білмейді", - деп түсіндірді психолог.
Ата-аналар кәсіби маманның көмегіне жүгінген кезде "баламмен тек қазақша сөйлесіңізші" деп өтініш білдіретінін айтты. Ал бүлдіршіннің психологке немесе басқа маманмен сөйлескен 4 сағаты ештеңені шешпейтіні түсінікті. Себебі қалған 20 сағатта бала әке-шешесімен бірге.
"Ата-аналардың баласын дамытамын деп мамандарға сүйреп, шабылып жүргенінің өзі дұрыс емес. Алдымен ол – ана, соны түсінуі керек. Бала құрсақтан шыққан бала анасынан көп нәрсені бойына сіңіреді. Қазір әке-шеше өзі жасай алмаған нәрсені мамандардың мойына жүктеп қойғысы келеді. Сырттан келген маман тек олқылықты түзете алады. Баланың болмысын өзгерте алмайды", - деп ой бөлісті маман.
А.Сырымбет
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!