- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Баланың іші неге...
Баланың іші неге қатады және оның қалай алдын алуға болады?
Байқасаңыз қазір кішкентай 2-3 жасар балаларды іш қату мәселесі жиі мазалайды. Бұл мәселені елемей қоюға және өздігінен шешілетін мәселе деп қарауға мүлде болмайды. Себебі созылмалы іш қату астың қорытылуы мен көңіл-күйдің бұзылуына ғана емес, сондай-ақ иммунитеттің төмендеуіне де алып келеді. Кішкентай балалар мұндай мәселеден неліктен қиналатынын Massaget.kz тілшісі интегративті педиатр Алтынай Рахимжунусовадан сұрап көрді.
Баланың іші неге қатады?
Маманның айтуынша, баланың іш қатуының бірнеше себебі бар. Олардың ең негізгілері қозғалыс, судың тапшылығы мен дұрыс тамақтанбау.
Біріншіден, керекті мөлшерде су ішпеу. Ал балалар судың орнына көп ішетін тәтті сусындар ағзаға керек нәр бере алмайды.
"Бәріне таныс жағдай, бұл баланың қарапайым су ішпеуі. Олар көбіне дүкенде сатылатын тәтті сусын ішеді, олардың құрамында көптеген қоспа, қант болғандықтан, олар суға жатпайды. Адам азғасына кәдімгі таза су керек. Ол біздің өттің сұйылуына, лимфажүйені қозғауға, сонымен қатар дәретіміздің қатып қалмауына көмектеседі", - деді дәрігер.
Екіншіден, бұл қозғалыстың аз болуы. Адам аз қозғалса, өттің жиырылуы тоқтайды, бұлшықеттердің қозғалысы төмендейді. Салдарынан зат алмасу жұмысы нашарлауы мүмкін, ақыр соңы өттің қозғалысы дұрыс болмай, өт іркілісі пайда болады деп қосты маман.
"Міндетті түрде күнделікті белсенділікті арттыру керек. Қазіргі ата-аналар көбіне баласының үйде жүгіріп, секіргенін ұнатпайды, ал ол оның зат алмасуына кері әсер етеді", - деп түсіндірді Алтынай.
Үшіншіден, бұл ең көп кездесетін себеп - тамақтану. Дәлірек айтқанда, ас мәзірде талшықтың мүлде болмауы. Талшық көкөніс пен жеміс-жидектің құрамында бар. Адам ағзасына піспеген, шикі қызанақ, қияр және жасыл шөп сияқты көкөністер керек.
"Қазіргі балалар көкөніс жеуден бас тартып жатады. Бала түгілі, ата-ананың өзі бұл ас талшықтарын мәзірге қоспайды. Соның кесірінен ас мәзірде талшықтың(клетчатка) мөлшері азаяды. Талшық ішектегі суды өзіне тартып, ісіну арқылы оны тітіркендіріп, нәжісті сыртқа шығару керек деген дабыл береді", - деп қосты педиатр.
Сонымен қатар, Алтынай Жұманқызының сөзінше, ас мәзірде талшықтың ғана емес, табиғи майдың да жетіспеушілігінен іш қатуы мүмкін. Балалар көбіне майлы тамақты жемейді, оған қоса мәзір аса құнарлы емес. "Сүрінгенге жұдырық" деп біздің ұлт жейтін тағамдар ағзаға тіпті зиян деп атап өтті ол.
"Мысалы, бізде қазақтың көбі ұннан дайындалатын тағамды, яғни көмірсуды көп тұтынады. Оның орнына дәнектерді жеген жөн. Бала ағзасына табиғи майлы өнім түспегендіктен, өттің іркілісі пайда болады", - деді Алтынай Рахимжунусова.
Дәрігер қалыпты жағдайда табиғи май ағзаға қалай әсер ететінін түсіндірді.
"Қалыпты жағдайда қандай? Біз майлы тағам жейміз, ол он екі елі ішекке түскеннен кейін, холецистокенин гармоны бөлініп, ол өттің жиырылуын жақсартады. Өт қабы жиырылады, ол он екі елі ішекке түседі де тамақтың қорытылуы жақсарып, ішектің қозғалысы жылдамдатылады", - дейді маман.
Төртіншіден, тереңірек себептің бірі - бұл қалқанша безі дұрыс жұмыс істемесе, гипотиреоз кезінде көп балалар іш қатумен қиналады. Қалқанша безі зат алмасудың үдеткіш күші, яғни ол әрбір тордағы зат алмасудың жақсы жұмыс істеуіне, бұлшықеттің қозғалысына әсер етеді.
Бесіншіден, психогендік жағдай. Бала қандай да бір күйзеліске ұшыраса, соңы іш қату мәселесіне алып келеді.
"Ата-ана бала дәретке шығу кезінде қатты ұрысып немесе баланың іш қатуы көп болғандықтан, баланы қинап оған қайта-қайта суппозиторийді салу арқылы оны қорқытып алуы мүмкін. Мұндай жағдай өте көп кездеседі. Бұл кезде баламен арнайы психологтың жұмысы керек.
Осы себептің бәрі өттің іркілісіне әкеледі. Зерттеу кезінде іш қату мәселесі бар балалардың 80 пайызының өті толғаны анықталады. Бұдан өт жиырылып, он екі елі ішекке өтіп, өт қозғалысы нашарлайды. Өтпен болатын мәселенің соңы көптеген ауруға шалдықтырады", - деп мәлімдеді дәрігер.
Іш қатудың алдын қалай алуға болады?
Балалар және отбасы дәрігері іш қатудың алдын алу үшін салауатты өмір салтын ұстану керегін айтып, ата-анаға ұсыныс жасады.
"Балаңызды әртүрлі спорт үйірмелеріне беріп немесе үйде баланың қозғалысын шектемеу керек. Мысалы, біз бұрын бала кезімізде үлкен бөлмеге көрпешелердің барлығын жайып, бауырларымызбен алысып ойнайтын едік. Сіздің балаңыз да осылай ойнасын. Осы арқылы бұлшықет шынығып, ағзадағы зат алмасу жұмысы жылдамдап, өттің жиырылуын жақсарта аламыз.
Суды көп ішсін. Осы тұста ата-анаға ұсыныс жасағым келеді. Дүкеннен барып балаңызға сырты әдемі бөтелке сатып алыңыз. Мүмкіндігінше өзі таңдағаны дұрыс. Бөтелкенің ішіне су құйып, балаңызға осы суды күні бойы ішуің керек деп түсіндіріп, келісу керек. Егер бала су ішуден түбегейлі бас тартатын болса, судың түрлі қант алмастырғышпен дәмін келтіруге болады, осылай баланы суға үйрете аласыз.
Келесі қадам, ол таңертең ұйқыдан оянған кезде балаға ыстық су беру. Судың температурасын баланың ішіп не іше алмауына қарай таңдайсыз, ыстық суды іше алмаса бөлме температурасындағы су беріңіз. Ыстық суды ішкеннен 15-20 минуттан кейін баланы секіртіп, жаттықтырасыз. Бұл өттің іркілісін болдырмауға және оның алдын алуға көмектеседі", - дейді ол.
Тамақтануды дұрыстау. Қазаққа тән бауырсақ, нан, қамыр тағамдарын азайтып, керісінше, ақуыз бен табиғи майға бай өнімдерді көбейткен дұрыс. Қазір белең алып тұрған мәселе, ол дайын өнімдерді көп сатып алу. Дүкенде қолжетімді тәттінің құрамындағы көмірсу, тәттілендіргіш, зиян қоспалар ағзаны қабынып, жұмысының бұзылуына әкеледі. Үстелдің үстінде міндетті түрде қызыл, ақ етті ретпен тұтынып, жасыл шөп, көкөніс, табиғи май болуы керек.
Сондай-ақ маман іш қатудың алдын алу үшін медициналық тексеруден өтудің маңыздылығы туралы айтты.
"Бізде ата-аналар ауруханаға ауру асқынған кезде ғана барады, бұл дұрыс емес. Баланың кем дегенде жылына 1 рет қажетті талдауын тапсырып, УДЗ-дан өтуі керек. УДЗ арқылы бауыр, өт, ішек, бүйректің жағдайын анықтап, бұзушылықтарды анықтасақ, ертерек алдын алу шараларын жасаймыз", - дейді дәрігер.
Іш қатпауы үшін бала қандай тағам жеуі керек?
Дәрігердің мәліметінше, іштің қатпауына жеміс-жидек жақсы көмектеседі. Мысалы, киви. Күніне 2 рет тамақ ішу кезінде кивидің бір-екі тілімін жеуге кеңес беріледі. Киви құрамында тамақтың қорытылуына жақсы әсер беретін ферменттер бар. Киви ішекті тітіркендіру арқылы дәреттің тезірек қозғалып, іш қатуды болдырмауға ықпал тигізеді. Іш қатуды емдеуде мейлінше дәрігерге қаралған дұрыс.
"Баланың іш қату мәселесін шешер кезде, біз УДЗ нәтижесіне мән береміз. Себебі, қазіргі кезде баланың өтінде тас жиналуы көп кездесіп жатыр. Өтте тас болмаса, зияны жоқ препараттарды қолданамыз. Мысалы, лецитин. Қоюланған нәжісті сұйылтуға көмектеседі.
Егер де іш қату балада 3 күннен асып кетсе, оған әртүрлі іш жүргізетін дәрілер, клизма, теңіз шырғаны шайы арқылы көмек көрсетуге болады", - деп кеңес берді балалар дәрігері.
Тағы да оқи отырыңыздар: Бір айда қанша килограмға арықтауға болады?
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Б. Жұмаділлә