Қазіргі таңда гендер-пати жасап, сәбидің жынысын білу сәнге айналды. Алайда әлеуметтік желіде жынысы қате айтылып, жаңылысқан оқиғаларды жиі кездестіреміз. Бұл неге байланысты? Осыған орай Massaget.kz тілшісі құрсақтағы сәбидің жынысы қанша аптада нақты анықталатынын 9 жылдық тәжірибесі бар акушер-гинеколог Нұргүл Мырзабаевадан сұрады.
Құрсақтағы сәби 12-14 апта аралығында болғанда сәбидің жынысын қарауға болады. Бірақ бұл мерзімде нақты жынысты айту дұрыс нәтиже бермейді. Бұл кезеңде баланың 75% жыныс мүшесінің дамып келе жатқан орнында бугорок (төмпешік) болады, сол төмпешіктің бұрышына қарай УДЗ маманы қарай алады. Ал нақты жынысын 15 аптадан жоғары мерзімді жүктілікте айтылады.
Бұл УДЗ мамандарының немқұрайлылығынан баланың жынысы қате айтылуы мүмкін. Одан бөлек, аппарат тым ескі болғаннан немесе бала кейде жыныс мүшесін тығып жатып алады, содан да жаңылысады. Ал кей мамандар кіндікті көріп ұл деп те айтуы мүмкін. Яғни адами факторлар себебінен жаңылысуы мүмкін. Көптеген әйелдер монито, экранға қарап жатып алады да, "жынысын айтпаңыз" деуі мүмкін. Сондай кезде мамандар тығып қараймын деп жаңылысып кететін жағдайлар болады.
Негізі жаңылысу өте сирек болады, жаңылысқан күннің өзінде өте сирек кездесетін жыныс мүшелерінің даму ақауларынан жаңылысуы мүмкін. Бұдан бөлек, жүкті келіншектерді көбісі ішіне, әртүрлі белгілеріне қарап, жынысын анықтап, ойын шатастырады. Мұның бәрі миф екенін білсеңіздер екен.
Қазір құрсақтағы сәбиді 3D УДЗ-ге түсіру трендке айналған. Дегенмен бұл 3D мен 4D УДЗ-ге түсірудің зияны жоқ. Мұндағы ерекшелік - 3D УДЗ-да баланың бет-пішінін анық көрсеткен сурет беріледі, ал
4D баланың қозғалысын, күлгенін анықтайды. Мұндай УДЗ аппараттарына 26 аптадан бастап түсірген жақсы.
Жүкті аналар УДЗ аппаратына түсерде тек тамақ жеп бару керек. Оның ішінде алма шырыны өте жақсы көмектеседі. Тәттіден жасалған тағамдар жегенде бала іште қозғала бастайды. Асқазанын көру үшін де су ішу керек. Ал су жұтқанда асқазан үлкейеді де балада кеңірдек бар-жоғы анықталады. Бала қозғалмай жатып қалса, УДЗ мамандарына баланың ағзаларын көру қиынға соғады. Сол себепті тамақтанып бару керек.
Ал хромосомалық ауруларды анықтайтын скрининг анализдерін аш қарынға келесі күні барып тапсырған дұрыс.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!