Баланың емінің орнына қымбат пәтерлер, көліктер, бренд заттар алған: Астанада ерлі-зайыпты сотталды

Астанада қайырымдылыққа заңсыз қаражат жинау дерегі бойынша сот аяқталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мән-жайы

Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты қылмыстық жолмен келген ақшаны заңдастыру және аса ірі мөлшерде жасалған алаяқтық дерегі бойынша ерлі-зайыпты Т.-ға қатысты үкім жариялады.

Сот мәліметінше, 2020-2024 жылдар аралығында ерлі-зайыпты Т. 2019 жылы дүниеге келген, туғаннан кейін ауыр ауру анықталған ұлын емдеуге қаражат жинаған. Балаға бірнеше күрделі диагноз қойылған.

"Қаражат жинау үшін әлеуметтік желілерде таргеттелген жарнама пайдаланылған. Нәтижесінде Т.-ның және оның анасының есепшоттарына жалпы сомасы шамамен 2,2 млрд теңге қаражат түскен, оның ішінде 1,4 млрд теңгесі қайырымдылық қаражат ретінде алынған. Жиналған қаражаттың елеулі бөлігі баланы емдеуге емес, ерлі-зайыптының жеке қажетіне жұмсалған", - деп жазылған мәліметте.

Сот мәліметінше, қаражат бірнеше мақсатқа бағытталған.

  • Жылжымайтын және жылжымалы мүлік сатып алу: жалпы құны 47 млн теңге болатын екі пәтер; жалпы құны 8 млн теңге болатын жер учаскелері; LEXUS RX 300 маркалы көлік, құны - 28 млн теңге; Hyundai Santa Fe маркалы көлік, құны - 8,2 млн теңге; Toyota Camry 75 маркалы көлік, құны - 15 млн теңге; Toyota Land Cruiser Prado 150 маркалы көлік (сомасы анықталмаған).
  • Бренд тауарлар сатып алу және құмар ойындарға қатысу - 9,7 млн теңге.
  • Facebook Ads жарнама платформасының қызметтеріне ақы төлеу - 481 млн теңге.
  • Қарыздарды өтеу - 349,5 млн теңге.

"Баланың еміне бар болғаны 6,4 млн теңге ғана жұмсалған. Сонымен қатар, Т.-ның әрекеттерінде ҚР ҚК-нің 218-бабы 2-бөлігі 1-тармағында көзделген қылмыстық жолмен келген ақшаны заңдастыру (жылыстату) белгілері бары анықталған. Сондай-ақ, депозит шоттарындағы қаражаттан пайыз түрінде табыс түскені белгіленді", - деп жазылған сот мәліметінде.

Сот үкімі

Сот үкімімен ерлі-зайыпты Т. ҚР ҚК-нің 218-бабы 2-бөлігі 2-тармағы және 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, оларға жазаларды ішінара қосу арқылы 7 жылға бас бостандығынан айыру, 10 жыл мерзімге қайырымдылыққа қаражат жинауға байланысты қызметпен айналысу құқығынан айыру, мүлкін тәркілеу жазасы кесілді.

ҚР ҚК-нің 74-бабы 1-бөлігіне сәйкес сот кәмелетке толмаған баласы бар сотталған Т.-ға жазаны өтеуді 2 жыл мерзімге кейінге қалдырды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!