- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Баланың дауысы құтқарды"....
"Баланың дауысы құтқарды". Түркиядағы зілзаладан аман қалғандар таңғажайып оқиғаны айтты
Тура бір жыл бұрын Түркиядағы жойқын зілзаладан кейін үйінді астында 56 сағат жатқан ана мен баланың оқиғасы әлемге тараған еді. Сәбиінің өмірін сақтау үшін анасының қолдан келген көмегі тек емізу болған. Ал құтқарушылар сол сәбидің шырылдап жылаған даусын естіп, адам қай жерде жатқанын тапқан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі khabar.kz-ке сілтеме жасап.
Үйінді астынан құтқарылған Масал ол кезде 1,5 жаста еді. Ал Қаһраманмараштағы үйлері жермен жексен болған.
"Кішкентай батыр қыз ретінде халық таныды. Үйінді аcтында жатқанда, бар ойым қолымдағы баламды аман алып қалу еді. Емізе бердім. Соңына дейін үміт болды. Іштегі баламды ойлауға мұршам болмады. Масал жылады. Су сұрады. "Әлі түн ұйықта, балам" деп жұбатуға тырыстым. Масалдың жылаған дауысын құтқарушылар естіп келіпті. Оның дауысы бізді құтқарды. Аяқтарымды сезген жоқпын. Езілгенін ауруханаға барғаннан соң бір-ақ білдім", - дейді Каһраманмараш тұрғыны Элиз Кыраччакалы.
Элиз Кыраччакалының бүгінде екінші сәбиі бар.
"Екінші рет ана атану бақыты бұйырды. Жақындарым, жұбайым қасымда. Өкінішке қарай, бауырымды құтқара алмадық. Біз баспалдақтан түсіп бара жатқан тұста зілзалаға тап болдық. Құтқарушылардың өзі біздің тірі қалғанымызға таңғалды. Себебі баспалдақ ең қауіпті жер екен", - дейді ол.
Ал оның жұбайының сөзінше, әйелі мен баласы құтқарылғанын білгенде өміріне қайта мән келген.
"Мен үйдің екінші қабатында, балаларым мен жұбайым бірінші қабатта еді. Жер сілкінісінен кейін тез арада шықтым. Отбасымды құтқару үшін қолмен үйіндіні қаза бастадым. 7-8 кісіні шығардым. Бірақ Элиз бен қызыма жете алмадым. Тас пен темірді қопаруға әлім келмеді. 3 күн бойғы сезімімді жеткізе алмаймын. Құтқарушылар шығарғанда қайта туғандай болдым. Өміріме бір мән келді", - деді Каһраманмараш тұрғыны Өмер Кыраччакалы.
Кыраччакалы отбасы үлкен сынақты осылай еңсерген.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова