Жоғары зият деңгейі - өте тартымды қасиет. Интеллектісі жақсы дамыған адамдар өмірде табыстырақ болатындай көрінеді. Алайда бұл әркез олай емес. Табысқа жетуге көптеген факторлар әсер етеді. Десе де, оған зияттың пайдасы мол. Баланың зиятын дамыту үшін не істей аламыз?
IQ – әр адамның зиятының коэффициенті. Оны сәйкес тест арқылы анықтайды. Алайда уақыт өте психологтар интеллект күрделі құбылыс екенін анықтап, адамның зият деңгейін мұндай қарапайым әдіспен анықтау мүмкін емес екенін айтады. Кей мамандар зиятты категорияларға бөлді. Мысалы, танымал теориялардың бірі - американдық психолог Говард Гарднердің көп интеллект теориясы. Ол зиятты 7 типке бөлді: музыкалық, логикалық-математикалық, лингвистикалық, кеңістіктік, тұлғааралық, ішкі тұлғалық, жанама-кинестетикалық.
Интеллект - адамның қоршаған ортаға бейімделу және мәселелерді тиімді шешу қабілеті. Бұл ақыл-ой қабілеті. Баланың зиятын дамытуға арналған қарапайым кеңестер ұсынамыз.
Баланың тамақтануын бақылаңыз
Қалай ақылды баланы өсіреміз? Баланың дамуы ананың құрсағында басталады. Бұл ананың әрекетінен гендер мен жатыр ортасы нәрестенің физикалық, психикалық және когнитивті дамуын алдын ала анықтайтын жер. Зерттеулер ананың жүктілік кезіндегі тамақтануы баланың ақыл-ой дамуына әсер ететінін баяғыда дәлелдеп қойды. Оған қоса, баланы емізу – оның физикалық және ақыл-ойының дұрыс дамуының кепілі. Ғалымдардың айтуынша, емшек сүті баланың зият деңгейін арттырады. Сонымен қатар, бала өмірінің алғашқы бірнеше жылында жеткіліксіз тамақтануы зият деңгейінің төмендеуіне әкеледі. Сондықтан баланың ақыл-ойының дамуына басынан бастап аса мән берген жөн. Сол үшін де өзіңіз де дұрыс тамақтаныңыз және баланы да дұрыс тамақтандырыңыз.
Баланы спортқа баулыңыз
Физикалық белсенділік – баланың зиятын дамытудағы негізгі ұсыныс. Физикалық белсенділіктер когнитивті дамуды ынталандырады. Мысалы, ерте жастан жүзуді үйренген балалар басқаларға қарағанда көптеген дағдыларды ерте меңгереді. Олар физикалық дамудың негіздерін (жүру, кіші дәретке барғысы келетінін айту және т.б) жылдам меңгеріп қана қоймай, сондай-ақ математикалық қабілеттермен байланысты көптеген тесттерді жақсы орындайды. Сондай-ақ олардың тілдері де жақсы дамиды.
Баланы балабақшаға беріңіз
Қоршаған ортамен байланыс баланың сөйлеуін дамытады, басқа балалармен тез тіл табуға үйретеді, байланысқа бейімділігін арттырады. Мұның барлығы оның зиятына жағымды әсер етеді.
Баланы музыка сабағына беріңіз
Мектеп жасына дейінгі балаға музыкалық білім беру оның зиятын арттыруға ықпал етеді. Музыка сабақтары есте сақтауға, оқу және жазуға, көру-кеңестік дағдыларына жағымды әсер етеді. Алайда бала одан ләззат алуы тиіс. Бала оны жағымды нәрсе ретінде қабылдаса ғана оның пайдасы тиеді. Сондықтан баланы мәжбүрлемеңіз. Егер балаға ұнаса, оны музыка сабақтарына беруге боады. Бала музыкалық аспаптарда ойнағанда екі қолын да пайдаланады. Бұл оның миының белсенді жұмыс істеуіне көмектеседі.
Балаға мотивация беріңіз
Балаға мақсатқа ұмтылуға, қателіктерден сабақ алуға және жеңілмеуге мотивация беріңіз. Себебі бұл табысқа жетудің кепілі. Оған қателіктерде тұрған ештеңе жоқ екенін, одан сабақ алып, ары қарай алға жылжу керегін үнемі айтып жүріңіз. Баланы нәтиже үшін емес, күш салғаны үшін марапаттаңыз.
Баламен бірге оқыңыз
Баламен бірге оқу оның зиятын дамытуда үлкен рөл атқарады. Баламен бірге ертегілер мен қызықты оқиғаларды оқу оның оқуға деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, сондай-ақ оны өмірлік құндылықтарға үйретеді, қиялы мен сөйлеуін дамытады және оқыған нәрсесінен ой түюге көмектеседі. Оған қоса, бірге оқу бала үшін баға жетпес уақытқа айналады, себебі ол ата-анасының қамқорын сезеді. Бұл баланың эмоционалдық жағдайына жағымды әсер етеді.
Бала күнделікті мектеп бағдарламасынан бөлек басқа да кітаптар оқуды әдетке айналдыруы керек.
Ынталандырушы ойындар ойнаңыз
Баланы ойындар арқылы дамытуға болады. Ойлауды ынталандыратын, қиялды дамытатын және есте сақтауды жақсартатын ойындарға мән беріңіз. Мысалы, лего құрастыру, басқатырғышар шешу, пазл және т.б.
Баламен сөйлесіңіз
Бала әлі сөйлей алмайтын болса да, онымен сөйлесе беріңіз. Баланың дамуында коммуникацияның маңызы зор. Үлкен балалармен де ата-ана күнде сөйлесуі керек. Мысалы, олардың жағдайын және сезімдері жайлы сұраңыз. Қандай да бір отбасыға немесе үйге қатысты шаруада баланың ойын сұраңыз. Балаға өз сезімдерін көрсетуге, түсінуге көмектесіңіз.
Баланы жауапкершілікке үйретіңіз
Баланы әрдайым жасына қарай жауапкершілікке үйретіңіз. Бұл болашақта оның тәуелсіздігінің, проблемаларды шешу қабілетінің, адамгершілік сезімінің дамуына көмектеседі. Балаға тек дайын нәрсе ұсына берсеңіз, ол барлық нәрсені басқалардан кеш үйренеді және басқаларға тәуелді болады.
Шет тілін үйретіңіз
Бала жаңа тілді үйреніп қана қоймай, басқа елдердің мәдениеті, дәстүрлері жайлы жаңа ақпараттар алады. Сондай-ақ жаңа тіл үйрену бала миының белсенді жұмыс істеуіне ықпал етеді.
Нақты ғылымдарға қызығушылығын оятыңыз
Физика, химия, математика - баланың зиятын дамытуға ықпал ететін ғылымдар. Баланың нақты ғылымдарға қызығушылығын ояту үшін қазір дүкендерде кішкентай балаларға арналған түрлі тәжірибелер сатылады. Сондай-ақ балаларға арналған деректі фильмдер, шоулар қарауға болады.
Мәдени орындарға жиі апарыңыз
Түрлі тақырыптағы көрмелер, мұражай, театр секілді жерлерге баламен жиі барыңыз. Бұл баланың ой-өрісін кеңейтуге көмектеседі. Оған қоса, бала үшін сізбен өткізге бұл уақыт естен кетпес сәттерге айналары анық.
Оқи отырыңыз: Баланың есте сақтау қабілетін қалай жақсартамыз – маман жауабы