- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Баланың 1,5 жасына...
Баланың 1,5 жасына дейінгі жәрдемақы қалай беріледі?
Еңбек министрлігі өкілдері 1,5 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша жәрдемақының қалай тағайындалатынын түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сондай-ақ министрлік өкілдері жәрдемақы төлеу неге 2022 жылдың 1 қаңтарынан туған балаларға ғана қатысты екенін түсіндірді.
Мемлекеттік жәрдемақылар туралы Заңға сәйкес туған, асыранды, сондай-ақ қамқорлыққа алынған балалары бар отбасылар бір жасқа толғанға дейін бала күтімі бойынша ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы алуға құқылы. Бала күтімі жөніндегі жәрдемақыны төлеу кезеңін 1 жастан 1,5 жасқа дейін ұзарту 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ғана жүзеге асырылатын болады. Құқықтық актілер туралы Заңға сәйкес, нормативтік құқықтық актінің күші ол қолданысқа енгізілгенге дейін туындаған қатынастарға қолданылмайды.
Жұмыс істейтін әйелдер мен ерлер үшін ай сайынғы жәрдемақы мөлшері соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 40 пайызы. Екі және одан да көп бала туған кезде төлем әрбір балаға жеке тағайындалады.
Жұмыс істемейтін әйелдер үшін бала күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақы белгіленген және оның мөлшері:
бірінші балаға - 5,76 АЕК (18 316 теңге);
екінші балаға - 6,81 АЕК (21,655 теңге);
үшінші балаға - 7,85 АЕК (24 963 теңге);
төртінші және одан жоғары - 8,90 АЕК (28,302 теңге).
2021 жылы бала күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақыны шамамен 385 мың адам алды, оның 3,5 мыңға жуығы - ер адам.
Сонымен қатар, бала туған кезде біржолғы жәрдемақы тағайындалады. Ол бірінші, екінші және үшінші балаға - 38 АЕК (120 840 теңге). Төртінші балаға ата-аналар 63 АЕК (200 340 теңге) астам жәрдемақы алады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина