Көпшілік ата-ана баланы мектепке алдын ала дайындағысы келіп, оқуды, жазуды және санауды үйретеді. Алайда бірінші сынып басталған кезде бұл дағдылар жеткіліксіз болып шығады. Баланың мектепке дайын екенін қалай білуге болады? Massaget.kz қарапайым әдістерді ұсынады.
Әдетте, сарапшылар мектепке баратын бала мына 6 кретерийге сай болу керегін айтады:
- Зияткерлік дайындық. Бұл баланың ойлануы, назары, есте сақтауы қаншалықты дамығанын көрсетеді. Мысалы, бірінші сынып оқушысы өзінің тегін, есімін, әкесінің атын, туған күнін, мекенжайын білуі керек. Сондай-ақ түстерді білуі, кеңістікте бағыттай алуы, салыстыра алуы, геометриялық пішіндерді ажырата алуы керек.
- Психологиялық дайындық. Бала басқа ересектердің жанында өз әрекетін бақылай алуы керек. Мысалы, балабақшада тәрбиешінің айтқанын тыңдап 10-15 минут алаңдамай отыра алуы керек. Сондай-ақ уақытты түсіне білуі керек. Сол кезде мектеп кестесіне оңай бейімделеді.
- Әлеуметтік дайындық. Өз бетінше киіне алуы, бауын байлай алуы, өз заттарын жинай алуы, амандасып, қоштаса алуы керек. Ол мұғалімді тыңдау керегін түсіну керек.
- Мотивациялық дайындық. Бала мектепке барғысы келуі, бірдеңені үйренгісі келуі керек. Мысалы, дүкенге өздігінен бара алуы үшін санап үйренгісі келуі керек. Егер бала мектепке жаңа ойыншығымен мақтанғысы келгендіктен барғысы келсе, ол әлі дайын емес.
- Логопедтік дайындық. Мектепке баратын бала барынша барлық дыбысты дұрыс айта білгені дұрыс. Бұл оның қатесіз оқуды және жазуды үйренуі үшін маңызды.
- Физикалық дайындық. Бұл баланың денсаулық жағдайы. Мектепке барарда көруін, естуін және қол моторикасын тексерту керек. Егер қандай да бір бұзылыстар болса, оны түзетуге тырысу керек және бұл жайлы мұғалімге хабарлау қажет. Мысалы, әдетте көзі нашар көретін балаларды алдыңға партаға отырғызады.
Филиппин тесті
Бала сол қолын басының үстімен өткізіп, алақанымен оң жақ құлағын жабуы керек. Егер алақан құлақты толықтай немесе бір бөлігін жауып тұрса, бала бойының өсу процесі басталған және физикалық тұрғыда ол мектеп жүктемелеріне дайын. Егер алақанымен құлағын жаба алмаса, балаға партада отыру және зейін қою қиын болуы мүмкін.
Керн-Йирасек тесті
Бала алдымен ер адамның суретін салуы керек. Бала сурет салып отырған кезде оны түземеңіз. Дайын суретті бағалайсыз.
Сурет: massaget.kz/Томирис Есқали
- 1 балл: Ер адамның денесі салынған. Оның денесі, қол-аяқтары, басы бар. Басы мен денесі мойынмен қосылған. Мойын бастан үлкен емес, басы денеден үлкен емес. Басында шаш немесе бас киім бар. Қолында саусақ бар. Аяғында табаны немесе аяқ киімі бар.
- 2 балл: Жоғарыда айтылған нәрселер салынған, бірақ кей жерлері жоқ. Мысалы, шашы немесе саусақтары жоқ.
- 3 балл: Ер адамның денесі, басы, аяқ-қолдары бар. Аяқ-қолдарын сызықтармен салған. Табаны, құлағы, шашы, мойны және т.б жоқ болуы мүмкін.
- 4 балл: Басы мен денесі бар, бірақ аяқ-қолдарын салмаған.
- 5 балл: Сурет шимайға ұқсайды. Денесі нақты көрінбейді.
Екінші тапсырма - берілген сөзді көшіріп жазу. Бала бар білгенінше көшіріп жазуы керек. Содан соң нәтижесін балл бойынша бағалайсыз.
- 1 балл: Бұл жақсы нәтиже. Бірінші әріпті бас әріппен жазған. Сөзді дұрыс көшірген. Көлденең жазған, алайда сәл ауытқу болуы мүмкін.
- 2 балл: Түсінікті жазылған. Көлденең жазылуы және әріптердің өлшемі ескерілмейді.
- 3 балл: Сөз тіркесі үш бөлікке бөлінген, ең болмағанда 4 әрпі түсінікті.
- 4 балл: Тек 2 әріп сәйкес келеді.
- 5 балл: Сөздер түсініксіз, шимай жазылған.
Үшінші тапсырма - нүктелерді үлгі бойынша көшіру.
- 1 балл: Суреттегідей көшірілген.
- 2 балл: Нүктелердің саны мен орналасуы үлгідегідей. 3 нүктенің ауытқуын елемеуге болады.
- 3 балл: Жалпы сурет үлгідегіге ұқсайды, бірақ нүктелер саны жетіспейді.
- 4 балл: Суреттің контуры үлгіге сай емес, бірақ нүктелерден тұрады.
- 5 балл: Шимай.
Балдарды есептейміз:
- 3-6 балл - мектепке дайындықтың жоғары деңгейі;
- 7-12 балл - орташа деңгей;
- 13-15 балл - бала мектепке дайын емес.
Оқи отырыңыз: Баланы 1-сыныпқа қабылдау үшін қандай құжаттар керек?
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!