- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Бала тегін үйірме
Баланы тегін үйірмеге беру мүмкін бе? Нұсқаулық
Елімізде балаңызды тегін үйірмеге беруге болатынын білесіз бе? Қазақстанда мемлекеттік спорттық және шығармашылық тапсырыстарды жан басына қаржыландыру аясында барлық облыс, республикалық маңызы бар қалалар, астана және ірі аудан орталықтарындағы балалар үйірмеге бара алады. Ол 4 жастан 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық әлеуетін дамыту және салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған. Осыған байланысты Massaget.kz тілшісі баланы тегін үйірмеге беру үшін не істеу керегін түсіндіреді.
Ата-ана баласын кезекке қою үшін не істеу керек?
Бірінші қадам, ата-ана баласын спорт үйірмеге қатысуға арналған ваучерді алу үшін өзінің тұрғылықты аймағындағы мемлекеттік тапсырысты жүзеге асырушы ақпараттық жүйе арқылы кезекке тұру үшін электрон форматтағы өтініш жазады.
"Өтінішті баланың заңды өкілі ғана жаза алады. Егер бұл талап сақталмаса, ақпараттық жүйе кезекте тұрған өтініш пен оған берілген ваучердің күшін жояды".
Екінші қадам, балаға секцияға қабылдау үшін ваучер беріледі. Берілген ваучер туралы ақпарат электрон форматта баланың заңды өкіліне жіберіледі.
"Ваучер уникалды нөмірден тұрады, оның ішінде ақпараттық жүйе үшін ваучерді алған бала туралы, баланың қатысатын спорт секциясының/шығармашылық үйірмесінің атауы және балаға бөлінген қаржыландыру сомасы туралы ақпарат тіркеледі".
Үшінші қадам, ваучерде көрсетілген қызмет көрсетуші мен баланың заңды өкілінің арасында спорттық секция/шығармашылық үйірмеге қатысуға байланысты, оған қоса ваучердің әрекет ету мерзімі аралығында қызмет көрсету келісімшарты жасалады.
"Қызмет көрсетуші мен баланың заңды өкілі арасындағы келісімшарт әрбір ваучер бойынша жеке-жеке жасалады".
Баланың заңды өкілі ваучердің әрекет ету мерзімі ішінде кемінде екі сынақ сабағына қатысуға мүмкіндігі бар. Бұл қызмет көрсетушінің біліктілігін, сондай-ақ секциялар мен үйірмелердің қалай өтетінін бағалау, келісімшартқа қол қою-қоймау туралы шешім қабылдауға көмектеседі.
Ата-ана сайтқа тіркелген кезде, өз қаласының картасын көреді және тұрғылықты жеріне жақын клубты таңдай алады. Баланың ЖСН-ын енгізіп, ваучер алады. Оларға орынға келуге, инфрақұрылыммен танысуға, жаттықтырушымен, үйірме немесе секция жетекшісімен сөйлесуге 10 күн беріледі, сонымен қатар екі тегін сабақ алуға құқылы. Егер оларға бәрі ұнаса, өз ваучерін клубқа береді, ол оны іске қосады және сол күннен бастап балаға ақы төленеді.
Қандай құжаттар қажет?
Келісімшартқа отыру үшін баланың заңды өкілі қызмет көрсетушіге ұсынуы қажет құжаттар:
- еркін түрде жазылған спорт секциясына қабылдау туралы өтініш;
- баланың фотосуреті;
- баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі;
- 027/у формасы анықтама;
- баланың заңды өкілінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі.
Тегін үйірмеге мүмкіндігі шектеулі балалар бара ала ма?
Мүмкіндігі шектеулі немесе ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін баланың заңды өкілі қызмет көрсетушіге баланың тиісті мәртебесін растайтын құжатты ұсынады.
Ерекше білім беруді қажет ететін немесе мүмкіндігі шектеулі баланы спорт секциясына/шығармашылық үйірмеге қабылдау мүмкіндігін бағалау қызмет көрсетушінің қалауы бойынша анықталады.
Баланы спорттық секцияға/шығармашылық үйірмеге қабылдау келісімшартқа отырған күннен кейінгі келесі күні жүзеге асырылады.
Қажет болған жағдайда қызмет көрсетуші баланың заңды өкілдеріне алдын ала хабарлау арқылы сабақ кестесіне өзгеріс енгізе алады, топтағы балалардың санын реттейді.
Мемлекеттiк спорттық, шығармашылық және білім беру тапсырыстарының аясында Республика бойынша бiр балаға спорттық секцияға немесе шығармашылық үйiрмеге қатысу үшін, кезекте тұрған баланың заңды өкiлiнiң тек бір өтiнiшiнің болуына мүмкіндік бар.
Спорттық секцияны/шығармашылық үйірмені ауыстырған кезде баланың заңды өкілі қызмет көрсетушіге бұрын берілген кезекке тұруға арналған өтінішін қайтарып алу туралы электрон өтініш жазып жібереді, сөйтіп жаңа кезекке тұру үшін қайта өтініш жіберуі қажет.
Бала қандай кезде үйірмеден шығарылады?
Бірақ заңға сәйкес, бала бір жақты тәртіпте спорт секциясынан шығарылуы мүмкін, оның орны операторға бөлуге беріледі. Ол қандай жағдайлар?
- Мектеп каникулдары кезеңін қоспағанда, дәлелсіз, себепсіз сабақты қатарынан 3 рет өткізіп алса;
- спорт секциясына бару регламенті сақталмаса;
- денсаулық сақтау ұйымы растаған, баламен сабақ өткізуге кедергі келтіретін, баланың медициналық қарсы көрсетілімдері немесе эмоциялық-ерік саласының бұзылыстары болса;
- шарт талаптары сақталмаса.
Бала оқудан шығарылған кезде мекеме 10 жұмыс күні ішінде баланың заңды өкіліне баланың портфолиосын береді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Б. Жұмаділлә