Алматыда балалар лагеріне қатысты тағы да шу шықты. Редакцияға жүгінген оқырмандардың бірі баласы Бостандық ауданында орналасқан "Южный Домостроитель" лагерінде демалып жатқанын, бірақ онда жағдай талапқа сай емес екенін жеткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оқырман жолдаған аудиода бала екі мезгіл қарақұмық жегенін айтады.
"Түсте қарақұмық берді, кешке тағы қарақұмық берді", - дейді бала аудиода.
Ашынған ата-ана да лагерь тым ескі екенін, бұл балаларды қорлау екенін жеткізді.
"Өздерінен сұрасам, қайта-қайта сырланған ескі ғимаратта бір бөлмеде 10 адамнан жатады дейді. Дұрыс емес қой. Баланы қорлау ғой. Ұлдың жіберген фотосы. Баяғыда ауылда Кеңес заманында тұрғызылып, 90-жылдары қараусыз қалып қойған ғимараттар болады ғой. Мынау соның іші ғой. Төсекті, төсектің аяғын қараңыз. Ұл осы төсекте жатыр екен. Ұят қой", - дейді ата-ана.
Сондай-ақ, баланың ата-анасы лагерь қауіпті жерде орналасқанын, табиғи апаттар кезінде шыдамауы мүмкін айтты.
"Сайтына кіріп көріп едім. Ойын алаңында балаларды әдемі қылып түсіріп, іліп қойған. Өздерінің де ойын алаңы емес. Кеше көрдім. Ғимараттары быт-шыт. Ең қауіптісі ескі мыжырайған үйлер, Құдай сақтасын, көшкін, жер сілкінісі болса, тура жардың, таудың астында тұр", - дейді ата-ана.
Осы мәселелерге байланысты лагерьдің өкілдеріне хабарластық. Ол балаларға арналған меню барын айтты.
"Аса қатты жап-жаңа лагерь емеспіз. Кеңестік типтегі лагерьміз. Бұл туралы білеміз. Арнайы менюіміз бар. Кеше жоспар бойынша кешкі асқа қарақұмық, жұмыртқа, нан, гуляш болды, түскі асқа езілген картоп, тауық еті, компот, нан болды. Бүгін түскі асқа тауық еті мен макарон болды", - дейді ол.
Лагерь өкілінің сөзінше, бұл нысанға 50 жылдан аса уақыт болған.
"Балаларды ата-аналар өздері әкеледі. Мемлекеттен ешқандай субсидия алмаймыз және әкімдікпен жұмыс істемейміз. 58 жыл бойы жұмыс істеп келе жатқан жеке лагерьміз. 1965 жылы Алматы үй құрылыс комбинатынан құрылған. Өз-өзімізді қаржыландырамыз", - дейді ол.
Сондай-ақ, ата-ана бір бөлмеде 10 баладан жататынына шағымданған еді.
"Үлкен коттедж, 40 адамға дейін тұрады. 40 шаршы метрлік бөлмелерде қыздар бөлек, ұлдар бөлек жатады. Әр бөлмеде 10 төсек орын орналастырылған. Ашылар алдында шағын жөндеу жасаймыз. Жөндеу тұрақты түрде жасалып тұрады. Мәселен, биыл стадионды жаңарттық, асханаға жөндеу жасаймыз. Біртіндеп жаңартып жатармыз. Ал жыл сайын ашылар алдында әктеп, сырлаймыз. Пластик терезелер. Ата-аналар айтқандай емес", - дейді лагерь өкілі бұл мәселеге.
Ата-ана лагерьдің суреттерін жолдап, онда бұрынғы темір төсектер екенін де айтқан болатын.
"Иә, темір төсек орындар. Шамамен 10-12 жыл бұрын ауыстырылды. Олардың жағдайы жақсы. Бірақ келесі жылы жиһаздарды, төсектерді ауыстыруды жоспарлап отырмыз", - деді бұл мәселеге қатысты лагерь бастығы.
Бұл мәселеге қатысты Алматы қалалық Білім басқармасы өкілдері жауап берді.
"Әлеуметтік желідегі "Юный домостроитель" лагері туралы ақпаратқа қатысты: бұл ұйым басқарма өткізетін балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға арналған мемлекеттік сатып алу конкурсына қатыспаған. Сондай-ақ, білім беру ұйымдары бұл лагерьге Алматы мектептерінің оқушыларын жібермеген. Балалар ата-аналарының есебінен демалып жатыр", - делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін де әлеуметтік желіде алматылық мектеп оқушылары балалар лагеріне тегін жолдамалар алғаны, бірақ сауна ғимаратына орналастырылғаны туралы хабар тарады.
Бұл туралы мектеп оқушыларының бірінің туысы Инка Рокеровна Facebook-парақшасында бөлісті. Оқиға Алматы облысы Ұзынағаш ауылында болған. Мұнда жазғы демалысты демалыс орнында өткізу үшін Алматыдан ондаған бала әкелінген. Алайда мектеп оқушылары жайлы жағдайдың орнына тар, желдетілмейтін бөлмелерге орналасқан. Сонымен қатар, лагерь сауна ішінде орналасқан, сыртында өзге ер адамдар жүрген.
Артынша Алматының Білім басқармасы лагерьмен соттасатыны белгілі болды. Сонымен қатар, депутат Нұргүл Тау Алматыдағы сауна ғимаратында орналасқан лагерьге мемлекеттен 107,8 миллион теңге бөлінгенін анықтады.
Сондай-ақ, кейінірек Алматы облысындағы тағы бір лагерь де жұрттың ашуына тиген еді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз