Баланы қай жаста сүндеттеу қауіпті екені айтылды 

Баланы қай жаста сүндеттеу қауіпті екені айтылды 
Фото: © Elana.kz

Сүндеттеудің қандай пайдасы бар және баланы қай жаста сүндеттеген дұрыс? Massaget.kz тілшісі мамандармен сөйлесіп, пікірін білді.

Сүндеттеу қазаққа қашан келген?

Жалпы сүндетке отырғызу дәстүрінің тарихына тоқталар болсақ, этнограф Досымбек Қатранұлының айтуынша, бұл дәстүр ислам келгенде бастау алған. 

"Бізге сүндеттеу дәстүрі X-XI ғасырдан бастап ене бастады, XIV-XV ғасырда толықтай еніп, жалпы халықтық бола бастады. Ең қызығы, исламға дейін бұл дәстүр еврейлерде болған. Сондай-ақ, бала сүндетке отырғызылған соң оған ақша беру әдеті әлі де бар екенін айтып өту керек. Қазір кейбірі баланы тіпті 1 жасында сүндетке отырғызып жатады. Олай болмайды. Себебі 1 жаста баланың денесі қалыптаспайды да. Олай жасау өте қауіпті ", - дейді этнограф.

Сондай-ақ, ол дәстүр бойынша, сүндеттелген балаға жақын туыстары мал атап беруі керегін айтып өтті.

"Қозы, қой, тай деп ақшасын береді. Теңгемен санасақ, сол малдың бағасы шығады. Бұл бұрынғы дәстүрлі формасы ғой. Ал қазір заман өзгерді ғой. Жақын туыстары 10-20 мың теңге беріп жатады, 100 доллар да беріп жатады. 2-3 мың теңге беретіндер де жоқ емес. Жалпы бұл атқа міну салтына өте ұқсас болып келеді. Атқа міну - баланың денесін шынықтыратын жаттығудың бір түрі десе де болады", - дейді Досымбек Қатранұлы.

Қазір балалар қалай сүндеттеледі? 

Дәрігер-хирург Темірхан Қожахметов соңғы уақытта сүндеттеудің қандай әдістері жиі қолданылатынын айтып берді.

"Кейінгі кездері дәрігерлер қауымы сүндетке отырғызу рәсімін xалықтың тілі - лазермен, медицинаның тілі - электркоагулятормен күйдіріп-кесіп жасайды. Бұл тәсілдің балаға ешқандай зияны жоқ. Керісінше, оның артықшылықтары бар. Мысалы, біріншіден ол уақытты үнемдейді, екіншіден қан көп шығармайды, ал үшіншіден тігісі аз болады", - дейді Қожахметов. 


© Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі

Бірақ маманның айтуынша, көп жағдайда жансыздандыру әдісі қолданылады. Одан айтарлықтай асқыну болмайды екен. 

"Жансыздандырудың жалпы және жергілікті түрі бар. Бірақ көп жағдайда жансыздандыру әдісі қолданылады. Жергілікті жансыздандыру біріншіден аллергиялық реакция берсе, екіншіден жергілікті гематома пайда болуы мүмкін. Жергілікті жансыздандырудан басқа айтарлықтай асқыну жоқ", - деп түсіндірді Қожахметов.

Хирургтің айтуынша, мұсылман қауымы, оның ішінде қазақ халқы тақ сандарды киелі деп есептегендіктен көбіне бала 3, 5, 7 жасқа келгенде сүндетке отырғызған.

"Бірақ араб елдерінде бала туғаннан кейін, қырқына шықпай жатып сүндеттеп жатады", - дейді маман.

Дәрігердің сөзінше, баланы медициналық тұрғыда сүндетке отырғызу операция болып есептеледі. Сондықтан сүндеттеу барысында асептикалық және септикалық ережелерді сақтамаса, инфекциялар мен вирус жұқтырып алу қаупі жоқ емес.


Фото otyrar.kz сайтынан

Маманның айтуынша, бұрынғы кездері қазақ халқы баланы сүндеттегеннен кейін, қанды тоқтату мақсатында ыстық киіз басқан. Ал қазір лазермен сүндеттеу 21 ғасырдағы медицина саласындағы үлкен жаңалық болып есептеледі екен. Ал медицинада сүндеттеу тәсілін ата-ана өзі таңдайды екен.

"Таңдауға байланысты. Лазермен болса - лазермен, болмаса - қайшы не скальпельмен кеседі", - дейді хирург.

Сонымен қатар, хирург баланы уақытылы сүндеттеу керек екенін атап өтті.

"Біріншіден, бұл мұсылмандықтың белгісі. Екіншіден, әртүрлі қабыну аурулары, сыртқы жыныс мүшесінің қабынуы, әртүрлі ісіктердің пайда болуының алдын алатын тазалықтың белгісі. Баланы сүндетке отырғызу - әрбір ата-ананың парызы болып есептеледі", - дейді Темірхан Қожахметов.

Бірақ маман қанның ұю функциясы бұзылған балаларды сүндеттеуге болмайтынын айтады. Ондай жағдайда гемофилиямен ауыратын балаларды сүндеттеу гемотологтың нұсқаулығынан кейін ғана рұқсат етіледі.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Е. Төлеш