Баланы "жұрттың баласынан" қалдырмай мектепке 6 жасында берген дұрыс па?

Баланы "жұрттың баласынан" қалдырмай мектепке 6 жасында берген дұрыс па?
Фото: Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Баланы бірінші сыныпқа берерде кез келген ата-анада өз баласын мектепке "6 жасында берген дұрыс па, әлде асықпай 7 жасында берген дұрыс па?" деген өзекті сұрақ туындайды. Бірі уақыт оздырмай 6 жасында беру керек десе, енді бірі баланы асықтырмай 7 жасында берген дұрыс деп жатады. Massaget.kz сайтының тілшісі осы мәселеге қатысты мамандардың ойын біліп, пікірлері мен ақыл-кеңестерін жинақтады. 

Республикалық "QAZBILIM" орталығының директоры Аятжан Ахметжанұлы баланы қай жаста мектепке беру туралы сұрақ жылда қойылатын сұрақ екенін айтады. 

"Менің берер кеңесім баланы 6,5 жастан аспай, 1-сыныпқа бермеген дұрыс. Адамның миының даму кезеңі болады. Адамның миы толық 12-13 жасқа дейін даму кезеңін бастан кешіреді. Қазір балаңыз қағылез, бәрін алып кететін секілді көрінеді. Бірақ мидың көтеру салмағы бала үлкейе келе белгілі болады. Қазір алып кеткен балаңыз үлкейе келе шаршағанын сезесіз. Мидың даму кезеңдері болады, бұл даму кезеңдерінде қатты салмақты салу - қателік", - дейді ол. 

Фото: Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Аятжан Ахметжанұлы әр пәннің қиындық дәрежесіне қарай пәндер басталатынын атап өтті.

"Мысалы, биология 6-сыныптан, физика 7-сыныптан, химия 8-сыныптан деген секілді. Яғни адамның әр жасындағы қабылдау мүмкіндігіне қарай зерттеп енгізілген педагогикалық шешімдер. Ал баланы ерте мектепке бергенде, осы зерттеулердің бәріне қайшы шешім шығарасыз. Тіпті қазір 5 жастан жаңа асқан баланы мектепке бере салатындар көп. Неге десе, кейбірі балам алғыр дейді, кейбірі баламды қарайтын адам жоқ дейді. Екеуі де - балаға жаны ашымағандық. Ол баланың тікелей болашағына қатысты", - дейді маман.

Сондықтан Аятжан Ахметжанұлы балаңызды кемінде 6,5 жастан асырып, 7-ге толтырып мектепке берген абзал екенін айтты.

"Бала ештеңеден кешікпейді, ойнап, балалығын толық қандырып, мектепке барсын. Бөпе кезінен балалығынан айырмаңыз. Бала өміріндегі маңызды сәттер, ерекше сәттер балалық шағымен байланысты", - дейді Аятжан Ахметжанұлы. 


Фото: Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Бұл мәселеге қатысты Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері де өз ұсыныстарын айтты. 

"Бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 12 қазандағы №564 бұйрығына сәйкес бастауыш білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары балаларды бірінші сыныпқа қабылдауды қамтамасыз етеді, сондай-ақ білім беру ұйымының қызмет көрсету аумағында тұратын барлық балалардың қолжетімділігін қамтамасыз ете отырып, ағымдағы күнтізбелік жылы алты жасқа толған дайындық деңгейіне қарамастан оқуға қабылданады. 2024 жылдың 1 қыркүйегіне дейін бала толық 6 жасқа толған болса оны 1-сыныпта оқыту ұсынылады", - дейді министрлік өкілдері.

Балалар психологы Гүлнұр Базарбайқызы баланы бірінші сыныпқа қай жаста беруге қатысты ойын айтты. Ол баланы мектепке беруде ата-ана ішкі түйсігіне, сондай-ақ баласының дүниені тануы мен қызығушылықтарына барынша мән берсе дейді.  

"Ата-ана баланың психологиялық, физиологиялық ерекшелігін ескергені жөн. Әр бала тіпті бір үйдің балалары дамуы жағынан әртүрлі болады. Кейбір ата-аналар "үлкен баламды 6 жасынан бергенмін, бірақ еркетайымды 7 жасынан беретін шығармын" деп жатады. Немесе керісінше, үлкенін 6 жасында беріп, кішісі пысықтау болуы мүмкін. Ата-ананың ішкі түйсігі болады, баласын тануы негізінде болады. Сол түйсікке көбірек мән берген дұрыс", - дейді маман. 


Фото: Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Психолог әр бала мектепке әрқалай дайын болуы мүмкін деген ой айтады. Сондай-ақ ата-аналарға "жұрттың баласымен" салыстырмауға кеңес береді. 

"Кей бала 6 жасында дайын болуы мүмкін, кейбірі 7 жасында дайын болады. Ол баланың табиғатына байланысты. Яғни бірі баяу болса, енді бірі пысық, жылдам болады. Кейде ата-ана баласы өзі сияқты деп ойлап жатады. Ең бастысы - баланы "Көршінің баласы 5 жасынан барып, озат болып кетті" деп салыстырмау керек. Әр баланың өзіне сай табиғаты, қабілеті, деңгейі бар. Жұрттың баласы деген түсінік бар ғой. Соған сеніп, баланы мектепке ерте беріп тастаған дұрыс емес. Өз балаңыздың дамуына мән бергеніңіз дұрыс", - деп түсіндірді маман. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина