Дәрігер және балалар массажисі Мөлдір Аманқызы Әйгерім Сейфоллаға берген сұхбатында баланы бесікке бөлеу жайлы ойын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мөлдір Аманқызы бесікті тек баланы ұйықтату үшін қолдануға болатынын айтты.
"Егер бесікке үйреніп қалған бала болса, оны тек ұйықтату үшін қолдануға болады. Күні бойы баласын бесікке салып қоятындар бар. Мен олармен келіспеймін. Өйткені бала денесін тану керек, еркін жату керек. Маған "ата-бабаларымыз бесік қолданған, сенің оны қолдануға болмайды деп айтуға қандай құқың бар" деп көп жазады. Бұрын ата-бабаларымыз қалай өмір сүрді? Олар киіз үйде жүрді, оның іші суық болды. Оларға бала жататын ыңғайлы жер керек болды. Ол заман үшін бала жататын ең дұрыс жер бесік болған шығар", - дейді дәрігер.
Маман бесікті мөлшермен қолдануға кеңес берді.
"Бесікпен тербетуге болады. Бірақ логопедтер баланы ұзақ уақыт немесе үздіксіз тербетуге болмайтынын айтады. Ми демалу керек. Бас шайқала берсе, ми демалмайды, адреналин гормоны үнемі бөлініп тұрады. Бәрі уақытымен, мөлшермен болуы керек. Іше берсеңіз, су да зиян. Бесікті уақытымен қолдану пайдалы. Бала ұйқыдан тұрғасын оны бесіктен босатып алып, жерге жіберу керек. Ал бізде "бала бесікте жақсы жатады" дейді де, ұзақ уақыт немесе кейде күні бойы соған байлап қояды", - дейді Мөлдір Аманқызы.
Дәрігер бесікке жамбас дисплазиясы бар балаларды жатқызуға болмайтынын ескертті.
Оқи отырыңыз: Балаңыз майтабан болмасын десеңіз...
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!