- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Балаңа алаңдасаң үйден...
"Балаңа алаңдасаң үйден шығарма". 30-дан аса ит асырайтын әйелге көршілері наразы
Қарабұлақта Юлия Остертаг есімді әйел 30-дан аса ит асырайды. Алайда оның төбет асырауға арнайы рұқсаты жоқ екен. Әйел үй жануарларының өліміне көршісін кінәлап, белсенділердің назарын аударды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Almaty.tv-ға сілтеме жасап.
Әңгіме 7 төбеттің өлімінен басталады. Иттерді ауласына жинап, асырап отырған әйел болған іске көршісін кінәлайды. Айтуынша, жалпы 8 ит жоқ. Оның бірі ұшты-күйлі жоғалса, тағы бірін сараптамаға алып кеткен екен. Қазір аулада 6 өлексе жатыр.
"Біз ит асырайтын арнайы мекеме ретінде тіркелмедік, келісімшарт жасап жатырмыз. Бірақ менің бұл жерде төбеттер ұстауыма жақын көршілердің рұқсаты болса жеткілікті. Негізі үйіме іргелес жатқан үй жоқ. Тура қасымыздағы жер телімінің қожайыны хабардар, рұқсатын да берген. Ал иттерді соның арғы жағында тұратындар улады деп ойлаймын", - деді ит асыраушы Юлия Остертаг.
Юлия дәлел ретінде целлофанға оралған тауық етіне ұқсайтын затты көрсетті. Оқиға орнына полиция қызметкерлері де келді. Олар шамамен осында 30-дан аса ит асырайды екен. Бірін күркеде, бірін темір торға қамап бағады. Төбеттер жатқан үйдің маңындағы көршілер де, арғы бетінде тұратындар да наразы. Олардың айтуынша, ит асыраушы ешкіммен келіспеген, ал рұқсатын берді деген кісі ауылға көп келе бермейтін көрінеді.
"Күнде 6-8 үлкен төбет менің аулама кіріп алады. Менің кішкентай балаларым бар. Мына көшеде тұратын бүлдіршін көп. Қазір олар сыртқа шығудан қалды. Талай айттық, өтініш те жасадық. Төбеттің бәрін қамап бағыңыз десем, "балаңа алаңдасаң үйден шығарма, менің иттерім қалаған жерінде жүреді" деп кесіп айтты. "Әкімдіктен рұқсат алғанбыз, құжат та бар" дейді. Ал төбеттер уланып өлді дегенді бүгін ғана естіп отырмын, - деді Қарабұлақ ауылының тұрғыны Анна Манько.
"Біз қалай өмір сүреміз? Бұл кісілер көктемде келді. Содан бері күні бойы иттердің үргенін естуден шаршадық. Мен негізі көшенің арғы бетінде тұрамын. Бірақ мен де немерелерімді далаға шығаруға қорқамын. Күндіз де, түнде де құлаққа тыным жоқ", - деді Қарабұлақ ауылының тұрғыны Елена Изосимова.
Тұрғындардың айтуынша, иттер өлмей тұрып халықтың арызымен жергілікті әкімдік өкілдері тексеріс жасаған.
"Аудандық ветинспекция бөліміне хат жолданды. Ертеңгі күні ветинспекция комиссия түрінде осы жерге келеді. Алдағы уақытта мәселе шешілетін болады. Егер құжаты жоқ болса, өз еркімен жерді босатуы керек", - деді Панфилов ауылдық округі әкімінің орынбасары Әрсен Құрманқазиев.
Әкімдік өкілдері мәселенің шешімі тексеру қорытындысына қарай қабылданатынын айтты. Ит асыраушы келіспеген жағдайда іс сот арқылы шешілмек. Ал иттердің неден өлгені, оған нақты кім себепкер болғаны тергеуден кейін белгілі болмақ.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек