- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Баламызды жалғыз жіберуге...
"Баламызды жалғыз жіберуге қорқамыз". Алматыда мектептің айналасы балалардың өміріне қауіп төндіріп тұр
Алматыдағы №149 мектептің ата-аналары білім ордасының дәл жанынан өтіп жатқан арықтың жөндеу жұмыстарының аяқталмағанына наразы. Олардың айтуынша жөндеу жұмыстарының басталғанына 3 айдан аса уақыт өтсе де, Шұғыла көшесіндегі шұңқырлар сол күйі жөндеу көрмеген. Енді ата-аналар жаңа оқу жылында баласын білім ордасына жалғыз жіберуден қорқып отыр. Тақырыпты Massaget.kz тілшісі зерттеп көрді.
Жанар өзінің 7 жасар баласын мектепке жалғыз жіберуден қорқады. Себебі бұғанасы енді ғана бекіген баласы шұңқырға құлап кете ме деп алаңдайды. Тар көшемен баланы мектепке жаяу әкелу керек, себебі "көлікті қоятын орын да қалмады" дейді.
"Мен баламды жалғыз жіберуге қорқамын. Өзім жұмыста болғандықтан тәтем апарып, алып келеді. 3 ай болды осылай жатқанына. Оқу жылы басталғанша аяқтағанда дұрыс болушы еді. Кеше келгенімде ғана жөндеу жұмыстарын бастап жатқан. Бұл көше өте тар. Көлікпен келсең қоятын жер таппайсың" дейді ата аналардың бірі.
"Қойшының қызы қой келгенде іс тігеді" деп жолға жауаптылар жаңа оқу жылына тура 1 күн қалғанда іске кірісіпті. Кірісуіне де ата-аналардың арызын айтқан бейнежазбасының әлеуметтік желіде тарауы себеп болған. Бүгіннен бастап аталған аумақта жалдамалы жұмысшылар жөндеу жұмыстарын қолға алған.
№149 мектепте 2800-ден аса бала білім алады. Демек келушілердің де қатары көп. Ал мектеп басшылығы болса аталған мәселені құзырлы органдарға ескерттік дейді. Мәселеге жауапты Алматы қаласының Экология және қоршаған орта басқармасы екенін айтты.
Аталған мекеме өкілдері Алатау ауданында арық желілерін салу жұмыстарын қолға алған. Әйгерім шағын ауданында 6 көшені қамти отырып, 6,6 км арық желісін қайта жаңарту және салу бойынша жұмыстарды орындау көзделіпті. Сонымен қатар жұмыстарды аяқтау мерзімі биылғы жылдың соңына дейін жоспарланған. Алайда әкімдік өкілдерінің өтінішімен Шұғыла көшесін жөндеу уақыты қысқартылыпты.
"Алатау ауданы әкімі аппаратының өтінімі бойынша жалпы ұзындығы 1 141,1 метр Шұғыла көшесі (су басатын учаске) бойында арық науалар төселуде. Шұғыла көшесінің бойындағы Молдағұлова көшесі мен Бенберин көшесі, (№149 Жалпы білім беретін мектептің артқы жағы) ұзындығы 150 метр жабық арық желісін салу жұмыстары аяқталды. Асфальтбетон жабынын қалпына келтіру 2023 жылдың 31 тамызына жоспарланған болатын, алайда жауын-шашынның көп түсуіне байланысты жұмыстар ағымдағы жылдың 4 қыркүйегіне дейін аяқталады деп отырмыз" делінген хабарламада.
фото: мектеп директорынан
3 ай жатқан арықты 3 күнде бітіріп береміз деген жауапсыз жауаптылардың сөзіне сену әсте қиын. Десек те, баланың қауіпсіздігі басты назарға алынуы тиіс.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Зинешов