- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Баламның миының бір...
"Баламның миының бір бөлігін кесіп тастаған". Комада жатқан сарбаз Ербаян Мұхтардың ата-анасы ашық сұқбат берді
Алматыдағы 5571 әскери бөлімшесінде Отан алдында борышын өтеген Ербаян Мұхтардың комада жатқанына жарты жылдан асып барады. Әскери бөлімнің есебі бойынша түнгі сағат 2 шамасында әжетханаға шыққан сарбаз, өзі құлап, басын кафельге ұрып алған. "Бас сүйегі жарылып, желке сүйегі сынып, ауыр ми жарақатын алған баланың өзі құлауы мүмкін емес" деген сарбаздың ата-анасы Massaget TV тілшісіне ашық сұқбат берді.
Оқиға 2023 жылы 4 желтоқсанында болған.
"Бұл ертегіге кім сенеді?"
Сарбаздың жақындары оқиғаның анық-қанығын анықтамақ ниетте әскери бөлімшеге барған. Бөлімше командирі оқиға болған орынды көрсетіп, "өзі жығылды" дегеннен бөлек, артық ештеңе айтпаған. Десе де, Ербаянның ата-анасы "бұл ертегіге кім сенеді?" дейді.
"Олар, бала үлкен дәретке отырмақ болғанда басын соғып алды дейді. Бірақ баланың басында бірнеше тігіс бар. Оның үстіне мұрны сынған. Бұны біз, білікті маманға баланың рентген суреттерін көрсетіп анықтадық. Ал ұлымызды емдеген дәрігерлер бұны жоққа шығарды. Өзі құлаған адамның осыншама жарақаты болуы мүмкін бе?", - дейді анасы Гүлсім Аманжоловна.
"Сені ұрды ма? Иә!"
Ербаян, оқиға орын алғаннан кейін санитарлық бөлімде 2 сағат жатқан. Қалалық емхана әскерилер сарбазды таңғы 4:00-те жеткізіпті. Дегенмен, ота таңғы сағат 10:00-ға дейін жасалмаған. Дәрігерлер себебін "науқас басындағы гемотома басыла ма дедік", - деп түсіндірген. Ота таңғы сағат 10:30 басталып, түскі 12-де сәтті аяқталған. Тіпті, дәрігерлер науқастың жақын арада аяққа тұратынын жеткізген.
"Балама ота жасаған хирург жайлы оң пікірлер көп естідім. Сондықтан, ол келген кезде қатты қуандым. Ота сәтті аяқталды. Операциядан шыққан хирург, баламның бастан қатты зақым алғанын, десе де, әлі ақ аяққа тұратынын айтты. 14 күнде реакция береді деді. Айтқандай-ақ, ұзақ өтпей ұлым белгі берді. Сені ұрды ма дегенде - басын изеді", - дейді анасы Гүлсім Аманжоловна.
"Менің рұқсатымсыз миын кесіп тастады"
Адвокат оңалып келе жатқан Ербаянның жағдайын әскери бөлімшеге хабарлапты. Қарындасының туған күнін емханада бірге қарсы алған сарбазды кейінірек, әскерилер әскери госпитальға ата-анасының рұқсатынсыз алып кеткен. Госпитальда сарбазға ота жасалып, миының үштен-бір бөлігі кесілген екен.
"Мен рұқсатымсыз неге баламды емханадан алып кетеді? Ота жасаймыз деп неге айтпайды? Әлде жасыратындары бар ма? Баламды қозғауға болмайды, жолды көтере алмайды дегендері қайда?", - дейді анасы Гүлсім Аманжоловна.
Ананың сұрағына емхана басшылары да, әскери госпиталь мамандары да мардымды жауап қатпаған.
"Жақсы дәрігер тапсаң, емін өзім-ақ көтерейін"
Аурухана басшылығы журналистер келгенде кабинетінен шықпапты. Тіпті ата-анасына баласын бейне, фотоға түсіруіне мүмкіндік бермеген. Баласын жеке клиникаға алып кеткісі келген ата-ана бас дәрігердің сөзінен кейін аяқ тартып қалған.
"Баламды жеке клиникаға апарғым келді. Өйткені, Ербаянның жағдайы ауруханада жатқалы еш оңалмады. Сөйтіп, бас дәрігерге кірдім. Ол кісі маған "жақсы дәрігер тапсаң, емін өзім-ақ көтерейін, жоқ ондай!", - деп бетімді қайтарып тастады. Білдей бір емхананың бас дәрігері болған соң, сөзіне иландым", - дейді анасы Гүлсім Аманжоловна.
"Балам агрессиямен ақша сұрады"
Ербаян Мұхтар оқиғаға дейін ақша сұрауды күн санап үдеткен. Қаражатты достарынан, туған-туыстан және әке-шешесінен сұраған. Сарбаз атынан несие алу әлі анықталмады.
"Әртүрлі нөмірмен хабарласып ақша сұрап кетті. Әр сұрағанында 1,500-5000 теңге көлемінде алатын. Неге керек екенін сұрасаң "су ішеміз, донер жейміз", - дейді. Бірақ, уақыт өте даусы өзгере бастады. Агресиямен жауап беретінді шығарды. Командир кілтпен бастан шұқитынын, ұратынын айтатын. Десе де, "шыдаймыз ғой, алаңдамаңыз", - деп, басу айтатын-ды", - дейді бөле ағасы Наурыз Тлеуберді.
"25 миллион берейін, істі тоқтат"
Ербаян Мұхтардың анасы, командирлердің бірі жолдасына ақша ұсынғанын айтады. Істі жылы жаппақ болғандардың ұсынған соммасы да аз емес.
"25 млн. берейін істі тоқтат" деп ақша ұсыныпты. Жолдасым, ақша ұсынған командирге "мен саған, сау бала бердім, сол күйінде - қайыр", - деп, бас тартыпты. Біз де бұны кейін естідік, жолдасым бізге айтпаған еді", - дейді анасы Гүлсім Аманжоловна.
Оқиға жайлы егжей-тегжейлі біздің You Tube арнамыздан көре аласыздар.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Н. Ынтымақұлы