Атырау облысы Сағыз селосында биыл сәуірде полиция мотоцикл тізгіндеген жасөспірімдерді қуып, кейін оларды қызметтік көлікпен басып кеткен болатын. Салдарынан бір адам көз жұмған жантүршігерлік оқиғаға қатысты сот шешімі шықты. Марқұмның анасы сот үкімімен келіспейді. Massaget.kz тілшісі мәселеге үңілді.
Атырау облысы Қызылқоға аудандық сотында Қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-бөлігі бойынша "Абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзғаны" үшін айыпталушы полицейге қатысты қылмыстық іс қаралды.
"Қызылқоға ауданы полиция бөлімі патрульдік полиция тобының инспекторы әріптесімен бірге қызметтік көлікпен патрульдік қызметтерін атқару барысында кәмелетке толмаған бала мотоциклде артында кәмелетке толмаған екі жолаушымен жүргенін анықтап, дыбыс белгісі арқылы тоқтауды талап еткен. Алайда кәмелетке толмаған жүргізуші полиция қызметкерінің заңды талаптарына бағынбай, қозғалысты жалғастырған. Сотталушы қуып келе жатқанда кәмелетке толмаған бала қара жерге шығып кетіп, мотоциклдің басқару жүйесін игере алмай, жерге құлаған. Сол кезде инспектор қауіпсіздік шараларын қолданбай, жол жүрісі қағидаларын өрескел бұзып, кәмелетке толмаған баланы қағып кеткен, салдарынан жасөспірім оқиға орнында есін жимастан қаза болған", - деп жазылған сот хабарламасында.
Прокурор айыпталушы полицейді 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыруды сұрады. Жәбірленуші тарап заңға сай жаза қолдануды сұрады. Сотталушы кінәсін мойындады.
Сот мәліметінше, бұл "қылмыс онша ауыр емес қылмыс, абайсызда жасалған әрекеттер санатына жатады және 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған".
"Сотталушының шын жүректен өкінуі, асырауында кәмелетке толмаған балалары болуы, бұрын сотталмағаны жаза мен қылмыстық жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайлар ретінде танылды. Ауырлататын мән-жайлар анықталмады. Сотталушы Қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 5 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айыра отырып, 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды", - деп жазылған сот хабарламасында.
Massaget.kz марқұм Мереке Кемелбайдың анасы Жанаргүл Шүренбаймен сұхбаттасты. Оның айтуынша, оқиға болған күні сағат 17.00 шамасында ұлына екі досы келіп, үшеуі мотоциклмен дүкенге барып келуді жоспарлаған. Ал дүкенге кетіп бара жатқанда полиция қызметкерлері көріп, арттарынан қуа жөнелген.
"Сол кезде балам үйлердің арасымен кіреді, полиция да соңынан қалмай қуа береді. Артындағы үшінші балаға "мен жайлатамын, сен түсіп қал" дейді. Ол сол жерде түсіп қалады. Қасында қалған досымен әрі қарай кете береді. Сөйтіп Ізбасов көшесіне шығады. Бір жерге келгенде полиция оларды қысымға алады, баламның досының тізесін жарақаттайды. Көлікте отырған екінші полицей терезеден қолын шығарып, оларды ұстап алғысы келіп, көлікті тақайды. Бірақ олар мотоциклді бұрып, әрі қарай кете береді. Видеода көрінеді, бұрылған сәтте мотоцикл құмға тайып, тербеліспен құлайды. Құлаған кезде артынан қатты келе жатқан полиция қызметкерлері баламның басынан басып, ал көлік шарбаққа соғылады", - дейді марқұмның анасы.
Жанаргүл Шүренбайдың сөзінше, сот отырысында сот полиция қызметкерінен "неге қудың, қумауға болмайтын ба еді, неге олардың өміріне қауіп төндірдің?" деп сұраған.
"Полиция қызметкерлері "олар мотоциклмен көліктің артынан келіп, жарық шамын сындырды" деп жауап берді. Сот "мұндай жағдай болса, тоқтап, басқа қызметкерлерді шақырып, жол апаты болды деп, неге шара қолданбадыңдар?" деп сұрады. Бірақ оған ешқандай жауап болған жоқ. Сотта ол тергеп, тексерілген жоқ. Екі баладан "солай болды ма?" деп сұраған кезде "біз полицияның артына түскеніміз жоқ, алда жүрдік, ешқандай жол апатын жасаған жоқпыз" деп айтқан болатын. Сол күйінде жылы жауып қоя салды", - дейді жәбірленуші тарап өкілі.
Марқұмның анасы үкіммен келіспейтінін, өйткені күмәнді тұстар барын жеткізді.
"Үкіммен келіспей отырмын. Үкім шығатын күні соттың бәріне қатысқан прокурор орнында болмады, басқа адам келді. Сол менің күмәнімді тудырды. "Неге келмеді?" деп сұрағанымызда демалысқа кетіп қалғанын айтты. Екінші полицей ешқандай жауапқа тартылмады, бір-ақ рет сотқа келіп, куә ретінде жауап берді. Естуім бойынша, оқиға болған күні жұмыстан шығарып, жұмыс орнын ауыстырып жіберген", - деді ол.
Жәбірленуші тараптың сот үкіміне келіспеуіне тағы бір себеп - тергеу барысында жасалған сараптамалар.
"Балама жасалған сараптама да, мотоциклдің сараптамасы да, көліктің сараптамасы да - барлығы менікі дұрыс екенін көрсетіп отыр. Баланың сол сәтте қайтыс болуы, екі қатты заттың ортасында қысылып қалуы, бастың езілуі - барлығы өз дәлелін тапты. Екі қатты заттың ортасында қысылғаннан болған өлім деген сараптама шықты. Ал мотоциклде ешқандай кінәрат жоқ, бәрі жақсы деген болатын. Полиция қызметкері сол жерде "байқамай қалдым, мұндай болады деп ойламадым" деген ғана жауап берді", - деді Атырау облысының тұрғыны.
Жанаргүл Шүренбайдың сөзінше, оқиға болған күні полицейлер дәрігерлерге "бала мотоциклден құлады" деп апарған.
"Ауруханадағылар "бізге алып келгенде бала қайтыс болған" деді", - дейді марқұмның анасы.
Марқұмның анасы жігіттік шаққа жетіп қалған ұлының мұндай жағдайда көз жұмғанына, кінәлілер әділ жаза алмағанына қапаланады.
"Басын езіп кеткенін соқыр адам да көретін болар. Мойындамасқа амал жоқ. Видеодан да көрініп тұр. Ал полицейлердің видеожетондары, қызметтік көліктің төбесінде жанып тұратын шамдары да жұмыс істемейді екен. Осының бәрі жұмыс істемесе, неге соншалық қуғанын түсінбеймін. Соншама қуатындай олар қылмыскер емес, біреуді ұрып, тонап қашып бара жатқан жоқ. Қызметтік бабымен жұмыс істесе де, "жасөспірімдерге бірдеңе болып қалады-ау" деп ойламаған. Телефонға түсіріп алып, мектепке, колледжге барса, екінің бірі олардың кім екенін айтады. Біздің Сағызда көп төбелес болады, бірақ полиция соларға жәрдем беріп жатқанын көрген емеспін. Өштесті деп есептеймін", - деді Сағыз тұрғыны.
"Сот неге соншалық жеңіл жаза бергенін түсінбеймін. Екі-ақ жылға соттау деген қаншалық дұрыс, қаншалық абайсызда болған оқиға?! Қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-тармағы бойынша тергеу өткізіп, жауып тастады. Бұл жерде бір емес, бірнеше бап қозғалуы керек еді. Өзім заң білмеймін, мүмкін соны пайдаланған шығар. Әлі де түсінбейтінім көп. Айтқандарының бәрі - өтірік. Сол жерде болған балалардың айтқан сөздері мен олардың айтқан жауаптары бір-біріне сәйкес келмейді. Соған қарамастан, осындай үкім шығарып, екінші полиция қызметкерінің жұмыс орнын ауыстырып, басқа жерге кіргізіп қойғаны да миыма сыймайды. Ешқандай шара қолданылған жоқ. Маусымнан бері полиция қызметкерінің бірін үйқамақта ұстады. Сот шешімі әділ болар деген оймен жүр едім, барлығына қаным қарайып отыр", - деді ол.
Қамкөңіл ананың талабы - біреу.
"Жедел жәрдемді күтпеуі, полицейлерді шақырмауы да күмән тудырады. Сол кезде күн қараңғы болса, іздерін жасырып кететін еді. Бейнебақылау камерасы болмағанда ештеңе дәлелдей алмай қалар едік. Соттың үкімімен келіспеймін. 345-бап бойынша қарап, 5 жыл деп берген еді. Бірақ 3 баласы бар, анасы бар, бұрын сотталмаған деп 2 жылға қысқартып тастады. Ешқандай қысқартусыз, толық жаза алғанын қалаймын. Екінші полицейге де баптар бойынша іс қозғап, жаза тағайындағанын қалаймын. Бар талабым - осы. Екеуі де жасаған қылмыстары үшін жауап берсін", - деп түйіндеді өңір тұрғыны.
Еске салайық, бұған дейін Атырау облысының тұрғыны әлеуметтік желіде бейнеүндеу жариялағаны хабарланды. Олар құқық қорғаушылар жазадан сытылып кете ме деп қауіптенді.
"Полиция қызметкерлері заңсыз қуып, мотоциклден құлатып, одан әрі басып өлтіріп отыр. Ұлым қылмыскер емес. Баланы қуатындай қандай себеп болды соншама?! Ұлымның өліміне қатысты екі полицейдің жазадан құтылып кетпеуіне қолдау сұраймын", - деген еді марқұмның анасы Жанаргүл Шүренбай.
Кейін өңірдің полиция департаментінің баспасөз қызметінің өкілі жағдайға қатысты пікір білдіріп, қылмыстық іс тергеліп жатқанын мәлімдеді.
"Соталды тергеу амалдарын Өзіндік қауіпсіздік басқармасы жүргізіп жатыр. Сот-медициналық сараптамасы тағайындалды. Жол апатына қатысты көлік жүргізген қызметкер жұмыстан босатылды. Оның жанындағы қызметкер атқарып отырған лауазымынан босатылды", - деді бұған дейін облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!