- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Баламен саяхат
Баламен саяхаттағанда нені ескеру керек?
Жаңа туған сәбимен саяхаттағанда нені ескеру керек? Бала дүниеге келгеннен кейін неше күннен соң ұшаққа мінуге болады? Ұшаққа отырғанда не алып жүру керек? Massaget.kz тілшісі танымал блогер, фотограф әрі саяхатшы Ернар Алмабекпен сұхбаттасты.
"Біздің саяхат туралы Sayahat Time деген Үoutube-арнамыз бар. Жазира екеуміз әлемді аралап, көрерменге өзіміз барған жерлерден қызық видеоблог ұсынамыз. Қазір арнаға 107 мың адам жазылған. Олар ай сайын жаңа видео салғанымызды күтіп отырады. Сол себепті контент үзіліп қалмас үшін жиі саяхаттап тұруымыз қажет. Жобаны 2019 жылы қыздарымыз Аякөз 4 жасқа, Бегім 2 жасқа толғанда бастағанбыз. Әдетте оларды үйде ата-әжесімен қалдырып кетеміз. Ал енді үшінші баламыз Білге Sayahat Time-ның жұмысы қызып тұрған шағында дүниеге келді. Алдын ала түсіріп қойған контентіміз ұлымыз екі айға толғанда таусылды. Жаңа видео түсіру үшін қайта сапарға шығуымыз қажет болды. Сөйтіп, екі айлық баламен саяхаттауды бастап кеттік", - деді саяхатшы.
Оның айтуынша, кенже ұлы 3 айдан асқан шағында бірнеше елді аралап көрген.
"Алғашқы сапарымызды Түркістанға жасадық. Одан кейін Көкшетауға бардық. Білге үш айдан асқанда шетелге шығайық деп, Малайзия, Сингапур, Индонезияның Бали аралына барып қайттық", - дейді ол.
Кейіпкердің жеке архивінен
Жаңа туған нәрестемен неше күннен кейін ұшаққа мінуге болады?
Саяхатшының айтуынша, баланың паспортынан бөлек, туу туралы куәлігін алып жүру керек.
"Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы балаға 7 күн толғанда ұшаққа отыруға болады дейді. Көптеген әуе компаниялар да осы ережені ұстанады. Сәл ертерек ұшқанда мүмкін дәрігердің рұқсаты қажет болатын шығар. Бірақ екі айлық балаға еш жерде рұқсат сұрамайды. Анасының алдына отырып, ұша береді. Шетелге ұшқанда әке-шешесі де жанында болса, елден еш кедергісіз шығарады. Ал енді әке-шешесінің біреуі бірге ұшпайтын болса, ол кісінің рұқсаты жазылған қағазды нотариуске барып бекітіп алу қажет. Айтпақшы, туу туралы куәлігін барлық жерде алып жүру шарт. Шетелге шыққанда, әрине, паспорт керек", - деді Ернар Алмабек.
Кейіпкердің жеке архивінен
Ұшаққа отырғанда не алып жүру керек?
Блогер-әке кеңесін бөлісті.
"Ұшаққа отырғанда әрдайым баланың заттарын бөлек сөмкеге салып жүреміз. Ол үнемі қол астында болған дұрыс. Сілекейі ақса, тістейтін ойыншықтары қажет болса, жөргек ауыстырамыз десек, керегін ала қоямыз. Әрине, мұндай жаста бала көп нәрсені түсінбейді. Сөзге де, ойыншыққа да алданбайды. Сондықтан кеңес айту қиын. Бірақ біз қолданатын бірнеше лайфхак бар. Біріншіден, мүмкін болса ұшаққа соңынан кіріңіздер. Елдің алды болып кіріп алсаңыз, бәрі жайғасып боламын дегенше жиырма минуттай уақыт өтеді. Бір орында отырған баланың іші пысып, жылай бастайды. Ұшақ ұшқанша орыннан тұруға рұқсат жоқ. Әбден мазасы қашады. Екіншіден, сәбилер жиі ұйықтайды. Соны басымдық ретінде пайдаланыңыз. Ұшаққа отырар алдында ұйқысы келе бастаса, барынша ұйықтатпауға тырысыңыз. Ұшақ әбден ұшты-ау дегенде ғана тербетіп, ұйықтатыңыз", - дейді ол.
Блогер-әкенің айтуынша, ұшақта сәби мазасызданса, шыдауға тура келеді.
"Әрине, сәби ұзақ сапарларда мазасызданады. Мысалы, Куала-Лумпур-Алматы рейсі күндізгі уақытқа сәйкес келді. Ұшу уақыты 8 сағат. Білге ұшаққа отырғанда ұйықтағанымен, 4 сағаттан кейін оянып алды. Ал енді қалған төрт сағатта ұшақтың ішін жүз рет айналып жүрген шығармыз. Қайта ұшақ іші кең, бізге сәбимен жүрсіңдер деп ортадағы 4 орынды бірден берді. Қонуға 40 минут қалғанда бортсеріктер "белдік тағып отырыңыздар" деді. Содан Білге жылай бастады. Сөйтіп қонғанша жылады. Бүкіл ұшақ болып жұбатуға тырыссақ та көнбеді. Шыдадық", - дейді ол.
- Баламен ұшу ыңғайлы ма?
"Сәбиге бөлек орын берілмейді. Ол үнемі анасының қолында. Бесікарбаны ұшаққа кіргізе алмайсың. Ұшақ іші тар. Сондықтан ыңғайлы деп айта алмаймын. Егер 1-2 сағаттық қашықтық болса, шыдауға болады. Ал енді 4-5 сағаттық рейстерде аздап қиналасың"
Ернар Алмабектің айтуынша, сәбимен сапарға шығу қиындау болғанымен, баласы барларға да жағдай жасалады.
"Бір жақсысы, ұшақтың есігіне дейін бесікарбаны алып баруға болады. Сол жерден қызметкерлер алып, жүксалғышқа апарып салады. Бірақ өлшем жағынан өз стандарттары бар. Ұшақ әжетханасында баланың жөргегін ауыстыратын орын болады. Оның іші тар екенін ескеріп, біз жөргекті отырған орнымызда ауыстырамыз. Құтқаратыны - айналадағы адамдардың қарым-қатынасы шығар. Сәбимен жүрсеңіз, барлық жерден кезексіз өтесіз, ұшақта ыңғайлы орын бос болып тұрса, бортсеріктер бірінші кезекте сол орынды сізге ұсынады", - дейді ол.
Сәбимен сапарға шығарда нені ескеру керек?
"Сәбимен сапарға шығарда бәрі әдеттегіден баяуырақ болатынын ескеру керек. Жоспар құрғанда баланың ұйықтау, тамақтану, жөргегін ауыстыру, мазасыздану, шаршауын түртіп қойып, осының бәріне кемі 3-4 сағат кететініне дайын болыңыз. Мысалы, бұрын біз үш күнде бір қаланы шыр айналып, бүкіл музей, саябақ, мейрамханаларын аралап тастайтынбыз. Қазір ол жылдамдық екі-үш есеге дейін азайды. Бұрын біз таңда ерте тұрып, түн ортасына дейін қыдаратынбыз. Қазір бала ерте жату үшін қонақүйге ертерек қайтатын болдық. Бала шошып қалады-ау деген локацияларға бармаймыз", - деп қорытындылады кейіпкер.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек